Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин айтты.

«Қазақстанда оба, туляремия сияқты аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтары бар. Ал Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен бүйрек синдромды геморрагиялық қызбасының ошақтары анықталды. Қазақстанның барлық облыстарында күйдіргі, кене энцефалиті, құтыру сияқты қауіпті індеттердің қолайсыз стационарлық пунктері бар», - деді бас санитар.

Брифинг барысында Жандарбек Бекшин өткен жылы Шығыс Қазақстан аумағынан шыққан сібір жарасының ошағына қатысты мәлімет берді.

«Расымен де былтыр Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданында сібір жарасының ошағы шығып, бір адам көз жұмған болатын. Кейін ауру бұрынғы мал қорымынан шыққаны анықталған. Биыл Шығыс Қазақстанда сібір жарасының қаупі жоқ. Есесіне Түркістан облысында бір ошақ анықталып отыр», - деді ол.

Еске салсақ, Жандарбек Бекшин әлемдегі қауіпті әрі жұқпалы ауруларға бейім елдерді атаған болатын.

Оның айтуынша, шетелге саяхат кезінде теңіз тағамдарын байқап тұтыну қажет.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде тропикалық елдерде қауіпті ауруды масадан да жұқтыруға болатынын айтылған болатын.

pavlodarnews.kz

Тэги: