Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Ерлан Ержанов мәлім етті.

- Біз медиктер дәріханадан рецепт арқылы дәрі беру туралы шешімді қос қолдап қолдаймыз, - деді Ерлан Ержанов. – Бұл бірнеше бағытта көмектеседі. Өмір сапасын арттыруға, дәрі қабылдау тәртібін реттеуге, дәрі контрабандасын азайтуға, адамдардың дәрілерден үрейленуін азайтуға септігін тигізеді. Өңірімізде рецепт жазу бойынша медициналық ұйымдарда қабылдау санын арттырдық.

Ерлан Ержановтың айтуынша, демалыс күндері де поликлиникаларға келіп рецепт жаздыруға болады. Ол үшін медициналық ұйымдарда арнайы дәрігерлер кезекшілік атқарады.

Сонымен қатар, спикер қазір медициналық ақпараттық жүйе бастамасымен қағазсыз рецепт арқылы дәрі беру жобасы дайындалып жатқанын атап өтті.

- Жоба бойынша пациентке рецепт қағазын алып керек емес, - деді Ерлан Ержанов. – Ол электронды түрде болады. Адам дәріханаға тек төлқұжатымен келеді. Дәріханада ол адам туралы ақпарат болады. Қандай дәрі керек екені, рецептісі дәріханада дайын тұрады. Бұл арқылы рецепт жазу үрдісін жеңілдетеміз. Пилоттық жоба шілде айында Павлодар қаласында қосылады. Қазіргі уақытта 26 дәріхана бұл жобаға дайын. Өткен жұмада жиын өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жасадық. Кейін облыс бойынша жобаны іске асыру жоспарланған.

Бұл жоба еліміз бойынша Павлодар және Қарағанды облыстарында жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта облыс орталығындағы кейбір дәріханалар электронды рецепт арқылы дәрі беруде.

Басқарма басшысының міндетін атқарушы дәрі алу бойынша туындайтын мәселелерге де тоқталды.

- Мысалы, рецептегі дәрі қымбат болып пациент соған ұқсас арзандау дәрі алғысы келуі мүмкін, - деді Ерлан Ержанов. – Негізінен рецептте дәрінің тек халықаралық атауы жазылады. Ал, дәріханада дәрінің саудадағы атауы басқаша болуы мүмкін. Атап өтсем, аспирин деп білетін дәрінің халықаралық атауы - ацетил қышқылы. Халықаралық атауы бар дәрінің бірнеше өндірушілері болғандықтан атаулары әртүрлі болу мүмкін. Тек құрамы ұқсас. Сондықтан дәріхана пациентке дәрінің барлық түрін көрсетуі тиіс. Пациент те рецептегіден басқаша дәрі ала алады. Алайда, құрамы сәйкес келуі қажет.

Жоба сыналу үстінде болғандықтан, рецептте 10 дәрі жазылып, пациент 5 дәрі алғысы келетін жағдайлардағы мәселелер әлі де қарастырылатын болады.

Егер дәріхана басқа дәрі ұсынып немесе дәрі сатудан бас тартса, тұрғындар тиісті орынға шағымдана алады.

Айта кетейік, мобильді бағдарлама арқылы пациент дәріхананы таңдай алады. Бағдарламада дәріханалардың орналасқан жері мен ондағы дәрілердің бағасы көрсетілген.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, рецепт, дәріхана, медицина