Өз саласының үздігі атану үшін облыстағы 50 кәсіпорын сынға түсті. Оның ішінен сарапшылар комиссиясы республикалық деңгейде үздік отандық тауар өндірушілер байқауына қатысатын тоғыз жеңімпазды таңдап алды.

«Үздік тағам тауарлары» аталымына «Айсберг ПВ», «Қызылжар-Құс» және «Молком-Павлодар» ЖШС лайық деп танылды.

 - Бүгінгі көрмеге басты өнім бройлер балапанының тұтас етін әкелдік, - дейді «Қызылжар-Құс» ЖШС инкубаторының басшысы Мәдина Қожахметова. - 2019 жылдан бастап түшпаралар шығара бастадық. Жыл сайын өндіріс көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Қазіргі таңда жылына 5 мың тонна өнім шығарсақ, болашақта жоспар бойынша 8 мың тонна алу көзделіп отыр. Павлодар облысы мен Астана қаласын құс етімен қамтамасыз етеміз.

Кәсіпорын 2012 жылы бұрында жұмыртқа шығаратын құс фабрикасы базасында құрылған. Екі жылдың ішінде ірі қайта құру жұмыстары жүрігізіліп, шетелден құрал-жабдықтар әкелінген. Осылайша, нарыққа салқындатылған өнімдер желісі іске қосылды: салқындатылған және мұздатылған ет.

2018 жылы терең өңдеу жасайтын цехты іске қосып, наггенстер мен шұшықтар өндірісін қолға алған. Салқындатылған өнім барлық шығарылатын өнімнің 80 пайызын құрайды. Фабрикада 320 адам жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, байқау нәтижесінде «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымына «Казэнергокабель» АҚ, «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымына «Вектор Павлодар» ЖШС, «Шебер» тігін фабрикасы» ЖШС және «Сұлтанов» ЖК лайық деп танылып, республикалық байқауға жолдама алды.

Айта кетерлігі, жыл сайын павлодарлық үздік тауар өндірушілер «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларында өздерінің жоғары мәртебесін дәлелдеп келеді.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: автор, облыстық кәсіпкерлер палатасы

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, экономика