ТҮКШ жол жөндеу секторының бас маманы Бауыржан Әбілқасымовтың айтуынша, Максим Горький көшесінен Толстой көшесіне дейінгі жолдың бөлігін кеңейту басталған.

- Біз басында 1 мамыр көшесін Максим Горькийден Кировқа дейін кеңейтуді жоспарладық, - деді бас маман. – Бірақ Толстойдан Бейбітшілік көшесіне қарай су құбырларының жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ол бөлікте құбырлар толығымен ауыстырылады. Сондықтан биыл тек Горькийден Толстойға дейінгі бөлікті ғана кеңейтеміз. Жолдың үстіңгі қабатын алып тастауды бастап кеттік. Сосын тегістеп, асфальт төселеді.

Оның айтуынша, жұмыс екі аптада аяқталады. Жолдың ені 5-тен 6,5 метрге дейін артады. Тағы 1,5 метрді тротуар құрайды. Жолдың кеңеюі екі жақты қозғалысты бастауға және көлік ағынын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Жолды 410 метрге дейін кеңейту үшін қалалық және облыстық бюджеттен 30 млн теңге бөлінген. Мердігер ұйым «Дорстрой» ЖШС болды.

Еске салайық, осыған дейін Павлодарда Теплов көшесі 9-дан 12 метрге дейін кеңейтіліп, жол төрт жолақты болды. Бұл жобаға 129 млн теңге бөлінді.

Дулат Райымбек
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, 1 мамыр, жол, қозғалыс