Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Ерлан Ержанов мәлім етті.

- Биыл 2016-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамыту бағдарламасын жүзеге асырудың қорытынды жылы, - деді Ерлан Ержанов. – Министрлік бағдарлама бойынша көрсеткіштерді анықтайтын жобалық офис құрды. Бағадарлама бойынша 24 жол картасы жасалды. Өңірімізде барлық бағыт бойынша жұмыстар атқарылуда. Бағдарлама бойынша негізгі жұмыс әлеуметтік маңызы бар аурулармен күресу, дәрімен қамту, цифрландыру, міндетті медициналық сақтандыруды түсіндіру, кадрмен қамту бағыттарында өрбуде.

Спикердің айтуынша, облыс бойынша 2017 жылдан бері денсаулық сақтау саласында жалпы сомасы 4,2 млрд теңгені құрайтын 12 мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шарттары жасалды. Сонымен қатар, жобалар бойынша инвестициялық және жедел шығындардың өтеуі түріндегі 2017-2023 кезеңдегі мемлекеттік міндеткерліктер 3,7 млрд теңгені құрады. Бұл бюджетке түсетін бір мезеттік жүктемені азайтуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, биылғы жылдың маусым айынан медицина саласы қызметкерлерінің жалақылары өскен. Маусымның қорытындысы бойынша өңірдегі дәрігерлердің орташа жалақысы – 180 мың теңге, медбикелердікі – 126 мың теңге, кіші медициналық қызметкерлердікі – 86 мың теңгені құрайды.

Ерлан Ержанов атқарлыған жұмыстардың нәтижесінде әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша оң көрсеткіштер бар екенін атап өтті.

- Жалпы алғанда бағдарламаны жүзеге асыру көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен деңгейін көтеруге және сырқаттану мен өлім-жітім көрсеткіштерін азайтуға мүмкіндік берді, - деді басқарма басшысының м.а. – Өлім-жітім бойынша қан айналымы жүйесінің ауруларынан қайтыс болу 15 пайызға, инсульттен – 14,8 пайызға, қатерлі өскіндерден – 6,1 пайызға, нәрестелер өлімі – 29 пайызға төмендеді.

Сондай-ақ қазіргі уақытта халық арасында ерекше назар аударуды қажет ететін 65 жастан асқан тұрғындар үлесі 15 пайызды құрап отыр.

Айта кетейік, бүгінде облысымызда 371 медициналық ұйым тіркелген. Оның ішінде 37 заңды ұйым, 2 мемлекеттік мекеме, 1 коммуналдық мемлекеттік мекеме, 5 коммуналдық-қазыналық кәсіпорындар, 29 шаруашылық жүргізу құқығындағы мекеме бар.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, медицина