Баянауылдағы Біржан көлдің басында туылған Жабай Тоғандықов жастайынан көп алдында ән айтып, күй тартып өскен. Жабайдың өнерін ұштауына жерлесі, атақты әнші Қали Байжановпен танысуы себеп болған. Бойының ұзындығы 2 м 17 см құрайтын әнші бір көргеннен көзге түсіп, тұлғасымен талайды таң қалдырған.

Әншінің немересі Тілеуқабыл Тоғандықов атасы жайлы естеліктермен бөлісті. Ұзақ жылдар нейрохирург дәрігер болып еңбек еткен немересінің айтуынша, Біржан көлдің басында біршама қазаққа ортақ тұлғалар туылған. Дәулет пен Жауғашты батырлар, Біржан Нұржанұлы, Жұмат Шанин, академик Серікбай Дүйсенбаев, Жабай Тоғандықов сияқты атақтылар көп.

- Біржан көл – қозғандардың мекені, - деді Тілеуқабыл Тоғандықов. – 3 ғасыр сол жерде жаулармен күресіп жүріп тұрақтап қалған. Көлдің басында дүниеге келген тұлғалар жетерлік. Солардың бірі атам – Жабай. Еңбек жолының көбісі Қарағандыда өтті. Атам сол жерде тұрған соң Қарағандыда медициналық институтқа түстім. Атам ел жайлы, жер жайлы әңгімелер айтып отыратын. Қазір жасым 70-ке келді. Атамның сол айтқандарын жинап, келер ұрпаққа жеткізгім келеді.

Жабай Нұржанұлы жас кезінен-ақ еңбекке салынған. Ресей патшасының қазақ азаматтарын қара жұмысқа алу туралы 1916 жылғы жарлығымен 1916-1917 жылдары Екібастұз шахтасына, содан соң Рига қаласына тыл жұмыстарына жіберіледі. Ол жақтан 1917 жылы қашып кетіп, Павлодар қаласына оралады. Сол кездері Павлодарда қазақтың тұңғыш театр режиссері Жұмат Шанин ұйымдастырған көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысады.

Жабай Тоғандықовқа табиғаттың берген ең қымбатты сыйы – тамаша дауысы. Ол кішкентай кезінен халық әндерін, әсіресе Мұса Байжановтың әндерін сүйіп шырқаған. 1932 жылы өзінің жерлесі Қали Байжановпен танысып, өнер үйренеді. Дарынды әншіні Қали Байжанов 1932 жылы Қарағанды облыстық радио комитетіне жібереді. Онда Жабай Тоғандықов 1970 жылдардың аяғына дейін әншілік қызметте істейді. Оның репертуарында жүзден астам қазақтың халық әндері мен күйлері, сонымен қатар кейінгі композиторлардың туындылары бар.

- 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті, - дейді Тілеуқабыл Тоғандықов. – Оған Қазақстаннан 200 адам іріктеліп барды. Қарағандыдан 4-ақ адам барды. Онкүндікке бару мүмкіндігі әркімге беріле бермеген. Сол 4 адамның бірі болып атам сапарға аттанып, Мәскеу төрінде өнерімен танылды. Атамыз адал еңбегі, қазақ халық әндерін орындаудағы шеберлігі, көркемдігі үшін көптеген сыйлықтармен марапатталған.

1945 жылы Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді. 1946 жылы «Ұлы Отан соғысында 1941-1945 ж. айбынды еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Өңірімізден шығып, елімізге еңбек сіңірген тұлғаның немересі бүгінде атасының атында ешқандай белгі жоқ екенін де айтты.

- Қарағандылықтар Қали Байжановқа театрдың атын беріп, лайықты құрметтерін көрсетті, - деді Тілеуқабыл Тоғандықов. – Ал біздің өңірімізде атамның атында ештеңе жоқ. Бір кездері көше беру керек деген мәселе көтеріліп, артынша жабылып қалды. Атамыздың шырқаған біршама әндері өз даусымен алтын қорда сақталған. Алайда, қазіргі «Рухани жаңғырудың» кезеңінде болашақ ұрпаққа үлгі болып, ұлықталса деген ниеттеміз.

Арқадан үні шығып, қазаққа белгілі болған әнші, ақын, композитор Жабай Тоғандықов 1978 жылы 90 жасында дүниеден өткен.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Жабай Тоғандықов, мерейтой, тұлға