Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын, қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ирина Сорокина айтты.

- Мониторинг жүргізу кезінде мерзімі өтіп кетен йогурт алынды, - дейді Ирина Сорокина. - Тауарды сататын қойманы тексеріп шығып, аталған фирманың өкілдерімен 700 келісі жарамсыз деп  танылды. Өнім Ресейде шығарылған.  Жалпы, 30 кәсіпкерлік субъектісіне тексеріс ашылып, 1,5 млн теңгеге жуық айыппұл салынды. Биыл 103 ұйғарым бердік. Оның ішінде біреуіне ғана қатысты ұйғарымды орындамағаны үшін материал сотқа тапсырылды. Өткен жылдармен салыстырғанда кәсіпкерлердің жауапкершілігі арта түскені байқалады.

Спикердің айтуына қарағанда, азық-түлік өнімдерін сатып алу арқылы  мониторинг 2015 жылдан бері ай сайын жүргізіледі.  Оның ішінде 80 пайызы тағам өнімдері болса, 20 пайызы тағамдық емес.  

2019 жылдың алты айы ішінде халық тұтынатын тауарлар мен азық-түліктерден 2000-нан астам сынама алынған. Сәйкессіздік анықталған 250 азық-түлік (13%) сынамаларының  212 үлгісінде (11%) таңбалаудың бұзылуы, өндіруші атауының, жасалған мерзімінің, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАҚ) нарығындағы тауар айналымының бірыңғай белгісі, 17 үлгіде  (1%) микробиологиялық көрсеткіштер  және  18 үлгіде (1%)  физикалық-химиялық (санитарлық-гигиеналық, токсикологиялық) көрсеткіштер болмаған.

- Облыстың ішкі нарығындағы айналымдағы тауарлар сәйкессіздігінің ең жоғары пайызы импорттық өнімдердің үлесіне тиесілі – 10%, ал, отандық тауарлардың сәйкессіздігі 3%-ды құрайды. Санитарлық-эпидемиологиялық сараптамасының нәтижелері бойынша негізгі сәйкессіздіктер балық (38%), ұн, макарон, жарма (27%), тоқаш  (22%)  және нан (33%) өнімдерінде кездескен. Импорттық тауарлар Ресей, Беларусь және Қытай елдерінен әкелінеді, - дейді Ирина Сорокина.

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам