«Асыл арман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жанынан ашылған кәсіпорында сыйымдылығы 50-70 келі полипропилен қаптары шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

. Кәсіпорын басшысы Рүстем Усмановтың айтуынша, жаңа цехты ашу үшін 564 миллион теңге қаржы құйылған. Оның 200 миллион теңгесін серіктестік өз қалтасынан салып отыр. Барлығы 80 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның жоба бойынша қуаты 175 мың келі қап шығаруға жетеді. Бұл қаптар Қазақстаннан басқа ТМД елдері, Ресей және Қырғызстанда үлкен сұранысқа ие. «Соңғы жылдары елімізде шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көңіл бөлінуі біздің іскерлік белсенділігімізге үлкен қолдау болып, өндірісіміздің экономикалық жағынан өркендеуіне үлкен үлес қосып отыр. Бүгінгі күні кәсіпорынымызда 80-ге жуық біліктілігі жоғары мамандар жұмыс істейді. Фабрика айына 175 мың келіге жуық беріктілігі жоғары қаптар тігеді. Дайын өнім негізінен елімізге, одан қалды Қазақстаннан бөлек, Ресей және Қырғызстан елдеріне экспортқа шығарылады», дейді Кәсіпорын басшысы Рүстем Усманов.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев ұжымды Көкшетау қаласының 195 жылдығымен құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі. Сондай-ақ, Ақмола облысындағы кәсіпорындардың экспорттық әлеуеті зор екенін атап өтті. Әсіресе, экспортпен айналысатын кәсіпорынның сыртқы саудада жаңа нарыққа шығуына, көрші және Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен сауда байланыстарын нығайтуға атсалысатындығын жеткізді. Айта кетейік, алғашында «Новопэк» кейін, «Асыл арман» болып атауы өзгертілген серіктестік Көкшетаудағы іргелі кәсіпорындардың бірі саналады. Бүгінгі таңда кәсіпорында полиэтилен, полипропилен және кальций карбонатынан жоғары сапалы әрі мемлекеттік және халықаралық стандарттарға сай түрлі қаптар мен «Биг-бэг» контейнерлері шығарылады. 

pavlodarnews.kz

Тэги: