Облыстық әкімдікте өткен жиында өртке қарсы жұмыстар қалай жүргізіліп жатқаны туралы Баянауыл ауданының  әкімі Оразгелді Қайыргелдинов айтып берді.

Оның айтуынша, тілсіз жауды сөндіруге шамамен 150 адам және 30 техника жұмылдырылған. Қызыл жалын шамамен 40 гектар аумақты шарпыған.

- Баянауылға Қалқаман, Екібастұз және Майқайыңнан көмек көрсетілді, - деп баяндады аудан әкімі. - Бүгін ауданға Өскемен қаласынан тікұшақ келді. Жалпы алғанда, өрт ауыздықталды. Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмыстары жүргізілуде.

Павлодар облысының әкімі қатты желді ескеретін болсақ, таулы аймақтан өрт шығуы ерекше жағдай екенін атап өтіп, өртті толық сөндіргенше және ауа температурасы түскенге дейін тәулік бойы кезекшілік жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, Болат Бақауов Павлодар облысында тұрғындардың тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде шомылуды жалғастыруы салдарынан жазатайым оқиғалар орын алып жатқаны үшін жергілікті атқарушы органдар мен құтқарушылардың жұмысын сынға алды.

- Суға шомылу маусымы басталғаннан бері облыста 17 адам суға кетті, оның 7-еуі - бала, тек өткен демалыс күндері 6 адам суда ажал құшты, оның ішінде төрт бала бар, - деді аймақ басшысы. - ТЖ,  қала және аудан әкімдіктері халықтың суға шомылу орындарын тексермеген. Бұдан басқа, түсіндіру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Ең қуатты дауыс зорайтқыштарды қойыңыздар және суға шомылатын адамдарға судағы ережелер туралы ескертіңіздер! Усолкада құтқару станциясы жанында адамдар «Шомылуға тыйым салынады!» деген белгінің қасында шомылады, ал төтеншеліктер қарап отырады. Олар неге отырады? Жағалау мен «Ертіс» шаңғы базасы ауданында да дәл сондай жағдай. Тыйым салу белгісі тұрса да, адамдар суға шомылады және ешкім оған назар аудармайды.

Облыс әкімі жергілікті жерлерде басшылардың жағдайды бақылауға алуын талап етті.

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам