Облыс әкімі Болат Бақауов атап өткендей, өңіріміздің өнеркәсіптік кәсіпорындары 2019 жылдың алты айында 969 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Бұл былтырғы сәйкес көрсеткіштен тоғыз миллиардқа артық.

- Облыста тұрақты өсім сақталып келеді, - деді Болат Бақауов. – Барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер оң сипатқа ие. Өндіріс көлемінің артуы мыс кені мен концентраты, көмір өндірісі мен ферроқорытпалар шығару көлемінің ұлғаюына байланысты. 

Өңір басшысының айтуынша, Индустриализация картасы бойынша облыста үш бірдей ірі жоба іске асырылуда. Жобалардың жалпы құны 55,4 миллиард теңге. Солардың ең ірісі – «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ №5 энергоблогын қайта жөндеу. 

Сонымен қатар, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы да дамып келеді. Болат Бақауов атап өткендей, бүгінде «Павлодар» АЭА инвестициялық портфелі жалпы сомасы 191 миллиард теңге тұратын 19 жобаға ие. Аталған жобалардың жетеуі биыл жүзеге асырылмақ.

- Жаңа инвесторларды іздестіру белсенді түрде жүзеге асырылуда, - дейді Болат Бақауов. – Алдағы төрт жылда бес мың жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашатын 507,6 миллиард теңгелік 13 жобаны іске асыру мүмкіндігі бар. Әрбір сейсенбіде менің қатысуыммен «Инвестор сағаты» өткізіледі. Олар Елорда күніне орай ашылған барлық қаржылық институттар орналасқан Инвесторлар үйінде өткізіледі.

Өңір басшысы айтқандай, аталмыш бастама бизнесті жүргізуді жеңілдету мақсатын көздейді. «Бір терезе» қағидасы, яғни кәсіпкердің өз мәселелерін бір жерде дереу шешу режимі жұмыс істей бастады. 

Осы орайда Болат Бақауов қала мен аудан басшыларына инвестицияларды тарту жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.

- Көбінде-көп кәсіпкерлер жер-жерлерде белең алған бюрократияға тап болып, айнып қалады, - дейді Болат Бақауов. – Мемлекеттік органдар мен әкімдеріміз түсініксіз талаптар қойып, артық құжаттама толтыруды сұрайды. Оның орнына инвесторларға барынша жағдай жасауымыз қажет.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Болат Бақауов, өндіріс, әлеуметтік-экономикалық даму, инвестиция