Облыс әкімі атап өткендей, биыл ауыл шаруашылығы өндірісі саласына 16,7 миллиард теңге бөлінді. Аталған саланың жарты жыл ішінде өндірген жалпы өнімі 103,1% құрады. Суармалы егіншілікке басымдық берілмек.

- 2022 жылға дейін суармалы алқаптар ауданы 140 мың гектарға дейін жетеді, - дейді Болат Бақауов. – Биыл айналымға 30 мың гектар суармалы алқап қосылады. Ертіс өзені мен Сәтбаев атындағы канал бойындағы 4-5 шақырымдық жерлердің барлығы суармалы егістік жерге айналады.

Өңір басшысы айтқандай, қант және крахмал зауыттарының құрылыстары зор маңызға ие. Ақсу қаласының маңында қант зауытына қажет жер учаскесі белгіленді. Зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, жобалық-сметалық құжаттар дайындала бастады.

Болат Бақауов атап өткендей, проблемалық мәселенің бірі – ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану. Жыл басында пайдаланбайтын жер көлемі 471,4 мың гектарды құрап, олардың 140 мыңы қайтарылып, 183,6 мың гектарында жер иелері жұмыстарға кірісті.

- Екінші деңгейдегі банктерде 93,5 мың гектар егістік кепілдікте сақтаулы тұр, - дейді Болат Бақауов. – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығына маңызы бар жер учаскелерін қайтаруда бірегей әдіс-тәсілдерді қолданамыз. Барлық деңгейдегі әкімдерге пайдаланбайтын жерлерге қатысты жұмысты аяқтауды тапсырамын.

Айбек Жұматов

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Болат Бақауов, ауыл шаруашылығы, жер учаскелері, суармалы егіншілік