ТҮКШ бөлімінің бас маманы Темір Қасқабаевтың айтуынша, ардагерлер саябағында аталмыш мердігер рұқсат беру құжаттарына сәйкес жұмысты 10 маусым – 6 шілде аралығында толығымен аяқтау керек болған.

- 12 шілдеде полицияның солтүстік бөлемшесімен тексеру кезінде көріктендіру элементтерін қалыпқа келтірмеу фактілері тіркелген, - дейді Темір Қасқабаев. – Яғни, кеспе тастарды қайтадан орнына төсемеген. Нәтижесінде «Павлодар жылу желілері» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бүгінде учаске қалыпқа келтірілген.

Ал, «Қазпошта» ғимаратынан Ак. Сәтбаев көшесі, 42 мекенжайына дейінгі аралықта «Айвенго» ЖШС жылу маусымына дайындық аясында ұзындығы 600 метр жылу желілерінде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

 - Жұмыстар шілде айының ортасында басталған және 9 тамызда аяқталуы тиіс, - дейді бөлімнің бас маманы. - Жол-техникалық инспекциясымен тексеріс барысында техника және жол қауіпсіздік ережелерінің бұзылғаны анықталды. Сондай-ақ, учаске дұрыс деңгейде қоршалмаған және тиісті белгілер болмаған. Аталған компанияға енді ғана жұмысқа кірісуіне байланысты ауызша ескерту жасалды. Бұған дейін жауапкершілікке тартылмаған.

Темір Қасқабаев бұл учаскеде сигнал лентасы кедергі болмайтынын және металл турникеттер,  автокөлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына тыйым салынатыны туралы ескерту белгілерін орнату  қажет екенін айтып өтті.  Сондай-ақ, түнгі уақытта жарықтандырылуы қажет.  

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің  ақпаратына сүйенсек, биыл жер жұмыстарын жүргізу кезінде  абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 16 ескерту жазылып, 3,2 млн теңгеге 15 әкімшілік айыппұл салынған. Олардың басым бөлігін - 2,2 млн теңге «Павлодар жылу желілері» ЖШС, қалған бөлігін – «Павлодар АЭК» АҚ және «Павлодар-Су арнасы» ЖШС төлеген.

Бұған қоса, «Павлодар жылу желілері»  ЖШС-не Солтүстік өнеркәсіптік аймақ ауданындағы инженерлік желілерді бұзғаны үшін   757 млн теңге айыппұл салынған.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: Индира Лятина

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам