Өңір басшысы атап кеткендей, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 2019 жылы «Орталық-Шығыс» көлік дәлізінің құрылысы аяқталады. Оған қоса, биыл 337,3 шақырымдық жол құрылысы еңсеріледі.

- Бұл мақсатқа 14 миллиард теңге көзделген, ал жолдарды күтіп ұстауға алты миллиард теңге бөлінген, - деді Болат Бақауов. – Жыл қорытындылары бойынша «жақсы жолдар» көрсеткіші 81 пайызға жетеді. Осы орайда, жолдардың сақталуына ерекше назар аударғым келеді. Егер оған ұқыпты қарамасақ, жақсы жолдардан айырылып қаламыз.

Облыс әкімі өңір жолдарына мөлшерден тыс жүк түсіп жатқанын атап, аптап ыстық кезінде ауыр жүк машиналарының түнгі уақытта жүргізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

- Әлбетте, құрылыс жұмыстарын тоқтата алмаймыз. Дегенмен, жолдардан айырылып қалуымыз мүмкін. Құзырлы органдарға осы мәселені қадағалап, қалыптасқан жағдайды ретке келтіруді тапсырамын. Қалқаман-Баянауыл-Алексеевка жолы былтырғы жылы жөндеуден өтісімен көлік жүрісі өзгеріп, Қарағандыға баратын жүк машиналары осы жолмен жүретін болған. Егер осы жолды қадағаламасақ, бұл жолды әп-сәтте жоғалтамыз, - дейді Болат Бақауов.

Болат Бақауов қала мен аудан әкімдеріне республикалық және жалпы кез келген тас жолдарына өте ұқыпты қарауды бұйырды.

Айбек Жұматов

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: тас жолдар, коммуникация, «Нұрлы жол», Болат Бақауов, жүк машиналары