Мемлекеттік қызмет Агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылауды басқару бөлімінің бас маманы Руслан Иманқұловтың айтуынша, «АРТ-Class» ЖШС директорының орынбасары Ғалымбек Шакартаевтан ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс бойынша бөлім басшысы Зарина Абуқалықоваға қатысты мемлекеттік қызметтің беделін түсірді деген өтініш келіп түскен.

Басқарма мен «АРТ-Class» ЖШС арасында мемлекеттік сатып алу бойынша жасалған келісімшартқа сәйкес серіктестік  гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуі тиіс.

Департамент ұсынған  материалға сүйенсек, биылғы жылдың 17 мамырында  Ғалымбек Шакартаев басқарма басшысы Қайрат Нұрмағамбетовтың атына өтініш жолдаған.

Бұл өтінімде  Абулқалықова  жеткізілетін гигиеналық құралдардың сапасына күмән келтіре отырып, келісімшарт шарттарын орындауға барынша кедергі келтіретінін, сонымен бірге басқа - «Сострадание» ҚБ-ның мүддесін қолпаштап отырғаны туралы жазған. Аталған ұйым да онымен бірге мемлекеттік сатып алуға қатысқан және жеңіліс тапқан.

 - Өңірлік жұмыспен қамту басқармасы қызметтік тексеру жүргізу керек болған, алайда олар жүргізбезген және Абуқалықованың әрекетінде тәртіптік қателік қөрінбейді деген жауап берген, - дейді Руслан Иманқұлов. - Серіктестік басшысының орынбасары бұдан кейін бізге жүгінді. Әрі қарай тексеріс барысында тәртіптік өндіріс салу ережелерін бұзушылық анықталды. Ережеге сәйкес егер бөлім басшысы бұл фактімен келіспеген жағдайда қызметтік тексеріс жүргізіледі, дегенмен олар мұндай тексеріс жүргізбеген және тәртіптік комиссияда Абуқалықованың әрекеті қарастырылмаған. Ал, біз тәртіптік өндірісті салу ережесі бұзылғанын анықтадық.

Бөлім басшысы атап өткендей, Ғалымбек Шакартаев осы мәселеге қатысты үш рет жүгінген. Бірінші жағдайда Зарина Абуқалықованы жазалаған. Ал, үшінші ретте тәртіптік жазаға тарту керек болғанымен, қызметтік тексеріс жүргізілмеген.

Сол кезде басқарма басшысының орынбасары Хелуа Қашкенова ведомство басшының міндетін атқарған. Ол бұл істі кадр және құқықтық жұмысты ұйымдастыру бөлімі басшысының м. а. Гүлдана Бекболатова мен аталған бөлімінің бас маманы Айнаш Әуешке тапсырған. Нәтижесінде олар қызметтік тексеріс жүргізбеген.

Комиссия мүшелері үш адамға қатысты ескерту жасауды ұсынды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам