Қазақстан дзюдо федерациясы мәлім еткеніндей, Қазақстан құрамасы жарыс қорытындысында 4 алтын, 2 күміс, 10 қола медальді жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Жалпыкомандалық есепте 7 алтын, 8 күміс және 10 қола жүлдемен Ресей құрамасы көш бастаса, қазақстандықтар екінші орында. Оңтүстік Корея 2 алтын, 3 қоламен үшінші орынға ілікті. Турнирге Әзербайжан, Гонконг, Иран, Қазақстан, Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Испания, Тәжікстан және Өзбекстан, барлығы 11 елден 175 татами шебері қатысып, бақ сынады. Жарыстың екінші күні Қазақстан құрамасынан Виктор Демьяненко (100 кг) чемпион атанды.

Сондай-ақ Зарина Райфова (78 кг) мен Айбол Нысанали (81 кг) күміс жүлдені еншіледі. Ал Зере Бектасқызы (70 кг), Назгүл Маратова (+78), Сұңғат Закарияев (90 кг), Нұрлыхан Шархан (100 кг) және Нұрдәулет Жарылғапов (+100 кг) үшінші орынға көтерілді. Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күні үш алтын алғанын жазған болатын. Турнир жеңімпаздарына 100, күміс жүлдегерге 60, қола медаль иегеріне 40 ұпай беріледі. 

pavlodarnews.kz

Тэги: