Сұм соғыстың ортасынан қашып шыққан олар енді өзге бауырларының жазықсыз жапа шеккенін қаламай отыр. Бірі жолдасынан, енді бірі бауыр еті баласынан айырылған нәзік жандар әлдекімнің арбауына түсіп қалмауларыңызды ескертеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Сириядан оралған келіншектің әңгімесі: "Ол жерде соғыс болған жоқ. Ол жерде жаппай қыру болды. Ия, ұлдарым кетті. Бірінен соң бірі үш ұлым өліп кетті". Мына бейнекадрдегі көрініс кім-кімнің болса да төбе шашын тік тұрғызатыны анық. Әуеден атқылаған снарядтар мыңдаған адамның өмірін жалмап жатыр. Видеодан ересектер түгілі балалардың көшеде қалған мәйітін көруге болады. Солардың арасында отандастарымыз да бар екен. Арыстық Нұржамал апай осы күні қуаныштан жыларын не күлерін білмей жүр. Өйткені, 2012 жылы жоғалтып алған қызы мен немерелері биыл ғана табылды. Сөйтсе, бауыр еті баласы күйеу баланың соңынан еріп, Шам елінен бір-ақ шығыпты. Жеті жыл Сирияда қантөгістің ортасында болған.  "Енді айтып отырған сөздерін тыңдасаң, кәдімгі жайрап жатқан адамдардың үстімен де жүрген көріп, кішкентай балаларға дейін көрген. Топырақ та жеген. Шөп те жеген. Ішетін су да таппаған. Жаман су ішкен. Сол қыздың аман-есен келгеніне аялап, қарап, аналық махаббатыммен қайтадан өзіме қаратып, қайтадан баяғы күйге түсіруім керек. Көп еңбек етуім керек", - дейді Арыс қаласының тұрғыны Нұржамал. 

Сириядан оралған Ақжарқын осы күні Арыста анасының жанында жүр. Жуырда "Жусан" арнайы операция барысында елге оралыпты. Туған жердің топырағына аяғы тигенде, шын бақыттың "Шамда" емес, Қазақстанда екенін түсініпті. Қуаныштан жылап та алдым дейді. Ал, жолдасынан әлі күнге хабар жоқ. "Таңқалып отырмын, ол жерден қалай аман шыққаныма", - Сириядан оралған келіншек. 

 Сарыағаштық Тұрсынай да жуырда ғана бейімдеу орталығынан үйіне оралды. Алты жыл туыстарымен көріспепті. Осы жыл аралығында балалары сабақтан қол үзіп, қатарластырынан қалып қойған. Енді бірінші сыныптан бастап, қайта оқуға тура келеді. "Адам қызығатын жер емес. Ешкімнің де барғанын қаламаймын, ол жаққа барыңдар деп ешкімге де кеңес айтпаймын. Барам деушілер болса, ол райларыңнан қайтыңдар деп айтар едім. Ол жаққа бару ешқандай шариғатта жоқ"", - дейді Түркістан облысының тұрғыны Тұрсынай.  Осы күні Шам елінен оралған біртоп қазақстандық арнайы бейімдеу орталықтарында жатыр. Олармен психологтар және теологтар жұмыс істеуде. "Ересек балаларда әлі қорқыныш бар. Тәулік бойы біздің мамандар осы жайттарды ескере отырып, жасөспірім балаларды қорқыныштан сейілтуге жұмыс жасады", - дейді Халықаралық қордың заңгері Еркебұлан Елеуіс. 

Мамандар орталықта тұрып сүріп жатқан отандастырымызды бейімдеу ұзаққа созылатынын айтады. Ең бастысы, қателіктерін түсінген. Енді қалыпты өмірге қайта оралтуға барын салатындарын айтады.  

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам