Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, жұртшылық назарына аудан тарихынан сыр шертетін 150 шақты әртүрлі материал ұсынылған.

- Оның ішінде мұрағаттан алынған дүниелер мен белгілі азаматтардың жеке заттары бар, - дейді бас маман. - Тарих туралы айтатын болсақ, Аққулы өлкесінен көптеген белгілі адамдар шыққан. Олар өз таланттарымен өпшес із қалдырған. Мысалы, биыл әйгілі домбырашы Рүстембек Омаровтың 100 жылдығы аталып өтті. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында ерлікпен шайқасқан Сембай Қалиев және Әбілқайыр Баймолдин сияқты батырлардың есімі кейінгі ұрпақтың жадында мәңгі есте қалары сөзсіз.

Сембай Қалиев 1937-40 жылдары Қиыр Шығыста әскер қатарында қатысып, кіші командирлер курсын бітірген. Соғыс кезінде зеңбірек командирі болған. Қызыл Жұлдыз, Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

Бүгінгі көрмеге Әбілқайыр Баймолдинның ағылшын тілін үйреніп жүрген кезіндегі жеке жазбалары мен журналы, Сембай Қалиевтың кітаптары мен отбасылық альбомдары құнды экспонаттардың қатарынан орын алған. Бұл құжаттардың бірқатары Невель қаласынан жеткізілген.

Сондай-ақ, Аққулы ауданы бойынша киелі жерлер қатарына енгізілген 10 орын туралы мәліметтермен танысуға болады. Оның ішінде емші Мерғалым ата бейіті, Сары бәйбіше бейіті және ертеде аққулар мекендеген Аққу ауылынан 5-6 шақырым жерде орналасқан Қамқалы көлі бар.

Айта кетейік, бүгін сағат 19.00-де Ertis Promenade сахнасында Аққулы ауданының өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасы өтеді.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, мәдениет