Бұл туралы ҚазАқпарат Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәлиге сілтеме жасап хабарлайды.

«Қазақстан Президенті Қырғызстандағы болып жатқан жағдайды мұқият бақылап отыр. Мемлекет басшысы бауырлас көрші елдегі ахуал Қырғыз Республикасының ішкі шаруасы деп есептейді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдай жуық арада елдің қолданыстағы заңы аясында шешілетініне үміттенеді», деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Еске салайық, кеше Қырғыз Республикасының Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағы елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты Қой-Таш ауылындағы үйінде ұстау операциясын жүргізгені хабарланды.

Кейін атыс болғаны мәлім етіліп, Шу облыстық ІІББ-нің жедел тергеу тобы милицияға түскен қоңырау бойынша оқиға орнына аттанды.

Сол жерде 45 адам зардап шеккен. Түнгі сағат 03:00-дегі жағдай бойынша, олар Бішкек қаласы мен Шу облыстық біріккен ауруханаларына түрлі жарақатпен жеткізілген.

Айта кетсек, бұған дейін Жогорку Кенеш елдің экс-президентінен қол сұқпаушылық мәртебесін алып тастау туралы шешім қабылдаған болатын. Атамбаевқа қатысты депутаттар тарапынан тағылған айыптарды зерттеу бойынша арнайы депутаттық комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесінде оған 6 эпизод бойынша айып тағу шешімі қабылданды. Алайда Бас прокуратура комиссияның жұмысын заң тұрғысынан бағалай келе, тек бес эпизодты қалдырды.

pavlodarnews.kz

Тэги: