Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Абай Құнанбаевтың 174 жылдығына орай «Ғасырлармен үндескен асыл қазына» әдеби экспозициясын ұйымдастырды.

Абай атындағы әмбебап кітапхананың оқу залының меңгерушісі Майгүл Сейітқажықызы көрмеге сирек қордың 54 кітабы қойылғанын атап өтті.

- Шараның мақсаты қатысушыларды Абай оқырманы болған заманнан сақталып келе жатқан, ғұлама ақын пайдаланған, 18 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында жария көрген құнды әдебиеттерді көпшілік назарына ұсыну, - деді Майгүл Сейітқажықызы. – Көрмеде Абай атамызға қатысты деректер сақталған жазбалар бар. Айта кететін болсам, Әлихан Бөкейханның Абайға жазған қазанамасы, Абайдың санақ комитетінің мүшесі болғандығы туралы, Бастауыш білім беру қоғамының мүшесі болғандығы және оған отбасымен салған жарнасы туралы, Орыс Географиялық қоғамы жазбаларында Абайдың қанша малы, жері болғаны, жалпы мүлкі туралы деректермен танысуға болады.

Сондай-ақ семейлік кітапханада сақталған 1936, 1939 жылы шыққан латын қарпіндегі Абайдың шығармалары бар. Оған қоса, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ШҚО әкімі Даниял Ахметовтың қолдауымен жүзеге асырылған «Абай әлемі» жобасымен жарық көрген Абайдың қазақ және орыс тіліндегі шығармаларының екі томдығы ұсынылды.

«Ғасырлармен үндескен асыл қазына» әдеби көрме үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Абай оқыған кітаптар, екінші бөлімде Абай туралы деректер сақталған кітаптар және үшінші бөлімде Абайдың шығармалары қойылған.

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының көрме және мәдени шаралар бөлімінің жетекшісі Марал Тәженова көрмеден ұлы тұлғаға қатысты тың мәлімет алуға болатынын айтты.

- Семейдегі кітапханада Абайға қатысты әуелден жарық көрген кітаптар сақталған. Ұлттық кітапханамыз бар болса да, Семей Абайдың туған жері болғандықтан маңызды деректер сол жерде де бар. Экспозицияға қойылған сирек қордағы басылымдар хәкім өмірін ашып көрсетеді. Қызметкерлер де өз қорлары туралы жақсы біледі. Келушілерді қызықтырып түсіндіріп берді, - деді Марал Тәженова.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының сирек қорында 4 мыңан астам кітап бар. Ал, жалпы кітапхананың 450 мыңнан астам кітап қоры және 18 мың оқырманы бар.

Оразбек Саяхат
Фото: Индира Лятина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Абай Құнанбаев, кітапхана, көрме