Жеңіл салмақта бокстан әлем чемпионы және Олимпиаданың бірнеше рет жүлдегері болған Болат Жұмаділов Vesti.kz тілшісіне берген сұхбатында Данияр Елеусінов (7-0-0, 3 KO) ең жоғары деңгейде жұдырықтасуға дайын екенін айтады.

Айта кетейік, қазақстандық боксшы кәсіпқойдағы сегізінші жекпе-жегін 13 қыркүйекте өткізетіні туралы жақында хабарланды.

Елеусіновтің қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз, алайда, Жұмаділовтің айтуынша, оған мықты қарсыластар қажет.

"Елеусінов баяғыдан-ақ ең мықты боксшылармен жұдырықтасу керек болатын. Ол үшін күш-жігері мен тәжірибесі жетерлік, ол Олимпиада чемпионы," - дейді ол.

Жұмаділовтің айтуынша, Елеусіновтің мұнан бұрынғы жекпе-жегі өтпей қалғаны оған ешқандайда кері әсер етпейді.

"Бокс жекелей спорт түрі, әркім мұны әрқалай қабылдайды. Бұл жерде бәрі Даниярдың психологиясына байланысты. Данияр - Олимпиада чемпионы. Айтарлықтай көп жекпе-жек өткізді, тәжірибесі мол", - деп атап өтті бұрынғы боксшы.

Еске салайық, Елеусіновтің жекпе-жегі 27 шілде Лас-Вегасқа белгіленген еді, алайда, боксшыға тұмау тиіп қалғанына байланысты одан бас тартуға тура келді. Енді қазақстандық рингке күзде оралады, ал жекпе-жек Нью-Йорктегі Madison Square Garden Hulu Theather аренасында өтуі мүмкін.

pavlodarnews.kz

Тэги: