Жастар бастамаларын дамыту орталығында ашылған жастарды отбасылық өмірге баулитын «Бастау» орталығы облыс әкімі Болат Бақауовтың ұсынысы бойынша ашылды.

«Бастау» орталығының басшысы Жұлдыз Молдыбаева атап өткендей, екі ай ішінде орталықтың көмегіне 56 отбасылық жұп жүгінген.

- Мамандардың көмегімен 20 жұп күрделі жағдайдан шыға білді, - дейді Жұлдыз Молдыбаева. – Біз кешке дейін жұмыс істейміз. Бұл жұмыс істейтін жас жұбайлардың ыңғайына қарай жасалған шара.

Психология ғылымдарының кандидаты Татьяна Кравцованың айтуынша, «Бастау» жеке-жеке және топтық әдіспен жұмыс істейді. Психолог атап өткендей, мұнда некелесуге бел буған жастарды алдағы отбасылық өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларға даярланады. Тіпті ойын құмарлыққа шалдыққандарға да көмек көрсетілетін көрінеді.

Вице-министр Жұлдыз Омарбекова айтқандай, Қазақстанда әрбір үшінші жұптар ажырасады. Басты себептердің арасында отбасылық өмірге әзірсіздік, ене мен келін арасындағы келіспеушілік, тұрмыстың ауырлығы жиі аталады. Аталған орталық осындай келеңсіздіктердің алдын алуға септігін тигізеді.

- Бүгін өңірлеріңізде жастар үшін көптеген жағдайлар жасалып жатқанына көзім жетті, - дейді Жұлдыз Омарбекова. – ЖБДО-лардың көбісі зәулім ғимараттарда орналасқан. Алайда олардың біразы қаңырап бос тұрады. Сіздерде, керісінше, жұмыс қызып тұр. Жергілікті жастардың дені білімді және азаматтық позициясы белсенді. Павлодарлық жастарды әрдайым басқа өңірлерге үлгі ретінде көрсетемін.

Арслан Ғалымбек

Фото: Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: отбасы, жастар, вице-министр, Жұлдыз Омарбекова