Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов өз кәсібін бастаушылармен кездесті.



Шағын бизнес ашқысы келгендердің арасында көп балалы ана Гүлнар Клышева да болды. Қаратерек ауылында тұрып, балабақшада күтуші болып жұмыс істейтін әйел мемлекет грантын алып, өз үйінің ауласында шағын жылыжай салды. Ол жидектер мен көкеністер өсіреді. Кәсіпкер жыл бойы қияр өсіру үшін жылыжай құруды жоспарлап отыр.



- Күйеуім екеуміз төрт баланы тәрбиелеп жатырмыз, атаулы әлеуметтік көмек аламыз, бірақ өзіміз ақша табуға тырысамыз, - дейді Гүлнар Клышева. – Бір орында отырмай, жұмыс жасаса, көп нәрсені істеуге болады. Бүгін өз өміріңе шағымдануға болмайды. Жұмыс істеуге және дамуға мүмкіндік бар.



Сондай-ақ Көктөбе ауылында Қытайдан келген оралман Нұрболат Рымбек те өзінің көкеніс өсіру кешенін ашқан. Өткен жылы ғана Павлодар облысына келген ол 500 шаршы метрлік екі жылыжай салып, бейжіңдік қырыққабат өсіруде. Күн сайын 250 келіге дейін көкеніс алады. Фермер жалғыз жұмыс жасамай, бірден жеті адамды жұмысқа қабылдаған.



- Бұрын егіншілікпен айналысқандықтан мен өзіме жұмыс істегім келді, - деді Нұрболат Рымбек – Әзірге көкеністерді аудан орталығында сатып жүрмін. Әрі қарай не болатынын көреміз. Енді мен тағы бір жылыжай орнатқым келеді.



Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті дамыту үшін барлық жағдай жасалып жатқандығын Павлодар облысының әкімі Май ауданының барлық дерлік ауылдарында әлеуметтік көмек алушылармен кездесу барысында айтты. Болат Бақауовтың айтуынша, бүгінде қоғамдағы тәуелді көңіл-күйді жою керек және кез келген мүмкіндікті қолдану қажет.

Дулат Райымбек
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, Май ауданы, шағын және орта бизнес, кәсіпкер, даму, экономика