Мерекеге орай өткізілген спорттық шараларға балалар мен ересектер қатысты. Жарыстар арасында қазақ күресіне ең көп қатысушы жиналды.

Қазақ күресінде 50-ден астам палуан 8 салмақ дәрежесінде белдесті. 2005-2007 жылы туылған балалар 35, 38, 42, 46, 50 және 50 келіден жоғары салмақта сынға түсті. Ал, үлкендер 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақта күш сынасты.

Палуандар арасында Азат Самигуллин әдемі әдістер жасап, көрерменнің қошеметіне бөленді. 50 келі салмақта күрескен жас спортшы 1-орын иегері атанды.



-    Шығыс Қазақстан облысынан Павлодардағы туысқандарыма қонаққа келгенмін, - деді Азат Самигуллин. – Бүгінгі тойда бағымды сынап көруге бел байладым. Күреспен 2 жылдан бері айналысып келемін. Жасым 14-те. Ауылымызда күрес клубында жаттығамын. Облыстық жарыстарда орын алып жүрмін. Биыл Павлодар қаласындағы спорт мектебіне түспекпін. Өйткені, павлодарлық жас палуандарды көптеген жарыстарда көріп жүрмін. Балалар жүлделі орын алып жүр. Сондықтан осында оқуға түсемін деп шештім .

Ал, үлкендер арасындағы белдесуде 2019 жылғы «Қазақстан Барысы» турниріне қатысқан Мұхтар Дәлелханұлы да бақ сынап, жеңіске жетті.

Сонымен қатар, 25 адам қол күресінен бәсекеге түсті. Сайдың тасындай жігіттер 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақта күштерін көрсетті.

80 келіге дейінгі салмақта 20 жастағы Нұрсұлтан Ақылбек қарсыластарына дес бермей, 1-орын иеленді.



-    Жарыс жоспарлағанымдай өтті, - дейді Нұрсұлтан Ақылбек. – Оң қолмен күресуде қиындықтар болды. Сайыста кәсібилермен қатар, жаңа қатысушылар да күш сынасты. Өзім қол күресімен 1,5 жылдан бері айналысып келемін. Қаламыздағы «Қайсар» клубында жаттығамын. Жарыстарға тұрақты түрде қатысып отырамын. Биыл жастар арасындағы республикалық турнирде жеңімпаз атандым.  



Сондай-ақ кір тасын көтеру сайысында 10-нан астам қатысушы болды. 80 келіге дейін және 80 келіден жоғары салмақта жарысқан жігіттер ауыр темірді жұлқа көтеру мен серпе көтеру әдістерін орындады. 24 келі кір тасын 3 минуттың ішінде 40-тан асырып көтергендер болды.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Құрбан айт, мейрам