Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Бағдәулет Нұрмат мәлім етті.

- Моңғолия елінен келген кішкентай қонақтарымыз Павлодар қаласының Достық үйінде «Қазақ қоғамы» бірлестігімен кездесті, - деді Бағдәулет Нұрмат. – Сондай-ақ балалар С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен М.Катаев атындағы оқушылар сарайын аралап, ол орындардағы атқарылатын жұмыстармен танысты.

Сонымен қатар, балалар Бұқар Жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейі мен Сұлтанбек сұлтан сарайында да болды. Жас демалушылар теплоходпен Ертіс өзенінде серуендеді.

Айта кетейік, «Елге саяхат» жазғы жобасын жүзеге асыру және Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының 2015-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарын орындау шеңберінде 2019 жылғы 27 шілде мен 11 тамыз аралығында Павлодар облысында Моңғол Халық Республикасынан 14 бала демалды. Балалар Баянауыл ауылының «Жас Дәурен» облыстық оқу-сауықтыру орталығында жазғы демалысын өткізді.

Қазақстанға алғаш келіп отырғандардың арасында 12 жастағы Қобыланды Еркін де бар.

- Атамекенге саяхаттан ерекше әсер алдым, - дейді Қобыланды Еркін. Маған демалыс қатты ұнады. Көрікті Баянауыл жерінде болдық. Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Павлодар қаласында тамаша орындар көп екен. Ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын.

Саяхат соңында облыстық білім беру басқармасы балаларға арнайы естелік сыйлықтар табыстады.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Монғолия, балалар, демалыс, білім