Аталмыш білім ордасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлемнің барлық елдерінен қабылданған өтініштердің ішінен ең үздік деп танылған 30 оқушы мен АҚШ-тың 50 оқушысы танымал MIT (Massachusetts Institute of Technology) институтының қабырғасында алты апталық бағдарламадан өтті. Мұндай мүмкіндікке Қазақстаннан екі бала ие болған. Оның бірі алматылық болса, екіншісі - павлодарлық Дияр.

Жазғы лагерде Түркия, Испания, Швеция, Швейцария, Үндістан, Корей, Қытай, Сингапур және АҚШ елдерінің оқушылары жиналған. Әр оқушы өзіне берілген тақырып бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізген.

- Менің тақырыбым физикадағы материалдар туралы ғылымдармен байланысты болды, - дейді Дияр. - Осыған орай белгілі бір талшықтардың компьютерлік моделін жасап шығардық, оның жарыққа берер әсерін зерттедік. Әр қайсымыз өз менторларымызбен жұмыс істедік. Жаз уақытын өте пайдалы әрі тиімді өткіздім деуге болады. Осы ауқымы кең, берері мол ғылыми зерттеу лагеріне қатысып, көптеген жаңашылдықтарды үйрегеніме өте қуаныштымын, себебі болашақта да зерттеу жұмыстарымен айналысуды көздеп отырмын.

Дияр Туленовтің Research Science жазғы лагерінде көрсеткен тамаша жетістіктері мен терең білімі үшін мектеп директоры Ринат Жұмабаевтың атына Massachusetts Institute of Technology президентінің атынан алғыс хат келген. Хатта президент оқушының өнегелі тәлім-тәрбиесі үшін және сапалы білім берген оқу ордасының басшысына, ұстаздарына шексіз алғысын білдірген.

Еске сала кетейік, Дияр бірқатар республикалық, халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы. 2017 жылы Халықаралық Жәутіков олимпиадасында жеңімпаз атанған жеткіншек бүгінде ҚБТУ мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің грант иесі, яғни аталмыш екі жоғары оқу орнының студенті болуға лайықты деген екі сертификаты бар.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: НЗМ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім