Білім беру бөлімінің мамандары ұсынған мәліметке сүйенсек, қаладағы 115 білім беру нысанының 113-і жылыту маусымына дайын екені туралы құжатын алған. Яғни, дайындық 98 пайызды құрайды. Биыл 14 білім беру мекемесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. Бұл мақсатқа 17 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Екі мектепте жүріп жатқан ағымдағы жөндеу жұмыстары жуық арада аяқталмақ.

Сондай-ақ, Павлодар қаласына қарасты Павлодар ауылының әлеуметтік нысандарының дайындығы да назардан тыс қалмады.

- Ауылымызда 6 мемлекеттік нысан бар, оның төртеуі электр қазандығы арқылы жылытылады, - деді ауыл әкімі Сырым Рушанов. – Олар: ауылдық әкімдік, «Нұртас» балалар-жастар спорт клубы, №117 сәбилер бақшасы және дәрігерлік амбулатория. Дәрігерлік амбулатория мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы басқарылады. Аталған нысандардың қазандығында қысыммен тексеру жұмыстары жасалды. Ал, ауылымыздағы №40 мектеп көмірмен жылытылады. Мектепке көмір сатып алу бойынша келісімшарт жасалып, жеткізу кестесі бекітілді. Жалпы, ауылымыздағы нысандар 100 пайыз жылыту маусымына дайын.

Ауыл әкімінің айтуынша, ауылдық кітапхана қаңтар айында жеке кәсіпкердің ғимаратына орналастырылған. Кітапхананың жылуына кәсіпкер жауап береді. Жылу бойынша мәселе жоқ.

Қалалық мәслихаттың депутаты Вячеслав Кнутас электр қазандықтары нысанның ішкі температурасын реттеуге қолайлы екенін айтты.

- Ауылдағы әлеуметтік нысандар қысқы жылыту маусымына дайын екенін көрдік, - деді Вячеслав Кнутас. – Көп нысан электр пеші арқылы жылытылады. Бастысы, оларға қызмет көрсететін мамандар бар. Басшылық та жылыту жағын жақсы біледі. Электр пешінің артықшылығы  – қысқы уақытта сырттағы температураға байланысты ғимарат ішіндегі температураны автоматты түрде реттеп отырады. Ал, көмір арқылы жылынатын мектептің барлық қазандығы дайын тұр. Қыста 3 қазандығы қосылады. Біреуі апатты жағдайда қосылатын қосымша қазандық.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, жылыту маусымы, дайындық, әлеуметтік нысан