- Мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында асханалар арасында үлкен пилоттық жобаны қолға алдық, - деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы. - Екатеринбург концорциумы Астанада тіркелген. Оған жергілікті кәсіпкерлер - заңды тұлға ретінде «Нариман» ШҚ кіреді. Бұл жерде тағам құны 385 теңге көлемінде анықталды. Қазіргі таңда жабдықтар алмастыруда. Барлығы жеке серіктестердің есебінен жасалады. Яғни, мемлекет тарапынан қосымша қаржы бөлінбейді. Бұрын оқушы 150-200 теңгеге бір ғана ас алса, енді бұл компания кешенді ас ұсынады.

2019-2020 оқу жылында 350 жалпы білім беретін мектептің ішінен 99 мың оқушы қамтылған 345 (98,6%) мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылады. Жалпы алғанда, балалардың 26 пайызы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 100 пайызы (14 мыңнан астам) жалпыға бірдей білім беру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан оқиды.

Ыстық тамақ ұсынылмайтын Ақсу қаласының № 5, Суаткөл, Ақтоғай ауданының Жалаулы, Алға, Шарбақты ауданының Маралды ауылдық бастауыш мектептерінде өткен жылғыдай буфеттік тамақтану ұйымдастырылады.

Облыстың Ертіс, Баянауыл, Ақтоғай, Железин, Тереңкөл, Шарбақты аудандарында 1-4 сыныптардағы барлық оқушылар және Аққулы ауданында 1-11 сыныптардың барлығы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. 

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам