Облыс әкімі Болат Бақауов пен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің қатысуымен өткен ІТ форумында жаңа технологиялардың көрмесі өтті.

Көрме барысында Tengri Lab компаниясы бейнебақылаулар адамдардың түрін, қару-жарақты және түрлі жағдайларды анықтайтын бағдарламаны таныстырды.

- Қалаларды «Ақылды қалаға» айналдыру үшін цифрландыру аясында компаниямыз түрлі бағдарлама жасаумен айналысады, - деді компанияның жобалық офисінің жетекшісі Ростислав Коняшкин. – Бүгін бейнебақылаулар платформасын таныстырдық. Бағдарлама қауіпсіздікке көмектеседі. Қаламыздағы тәртіп сақшылары 1 мыңнан астам бейнебақылауларды толық бақылап үлгермейді. Қауіпсіздік саласына біздің бағдарлама көп көмек көрсетеді.

Ростислав Коняшкинның айтуынша, қазіргі уақытта бағдарлама Павлодар қаласына пилоттық жоба ретінде енгізілген. 50-ден астам бейнебақылау бағдарламаға қосылған.

- Бағдарламамыз арқылы іздеуде жүрген адамдарды бейнебақылаудың көмегімен тауып алуға болады, - деді Ростислав Коняшкин. – Сондай-ақ қару-жарақ ұстаған адамды да таниды. Жол ережесін бұзуды, терроистік жағдайларды, адамдардың көп жиналған орындарын анықтап бере алады. Бағдарламамыз осы күнге дейін орнатылған бейнебақылаулармен жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Оған қоса, өзіміздің камерамызды да орната аламыз. Қазір пилоттық жоба ретінде енгізілген. Әкімдікпен әрі қарай жұмыс жасаймыз деген ойдамыз.

Компанияның бұл жобасы бұған дейін Елбасының алдында таныстырылып, елордаға жақын орналасқан Ақкөл қаласына енгізілген.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ІТ форум, бейнебақылау, қауіпсіздік