Арғысы Айдабол, Тайкелтір, Едіге, Шоң, Торайғыр билері, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қамар Қасымов, Шәкен Айманов сынды асыл перзенттер дүниеге келген өңір аймағымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы десек қателеспейміз. Осынау киелі өлкеде өткен ауқымды шараға облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті мен «Мәшһүр Жүсіп» қоры қолдау көрсетті. Сонымен қатар, Павлодар қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тілдер секторының меңгерушісі Мейрам Нұғыман, ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері де атсалысты.

Қамар Қасымов атындағы мәдениет үйінде өткен облыстық жарыс 2 бөлімнен тұрды. Алғашқы бағыт бойынша бақ сынағандар жеребе арқылы таңдаған Құранның 1 парасын жатқа оқып, қазылар алқасы тарапынан қойылған сұраққа жауап берді. Ал екінші бөлімде қатысушылар Құран Кәрімді мәнерлеп оқудан жарысты. Оларға да қосымша тапсырмалар берілді. Сайыс үміткерлеріне Баянауыл ауданы «Мұса Мырза» мешітінің ұстазы Берікбай Германұлы кесімді баға беріп, төрелік етті. Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы «Омар Әл-Фаруқ» мешітінің бас имамы Есембек Советұлы, облыстық Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің азаншысы Дәулет Сембайұлы, Екібастұз қалалық орталық мешітінің ұстазы, қари Ақбарқожа Омарұлы, Баянауыл ауданы, Майқайың кентінің наиб имамы Бірлік Скандарұлы қазылық етті.

Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамның орынбасары, Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қабай жарысқа арнайы келіп, қатысушыларды құттықтап, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

- Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадистерінде «Сендердің ең жақсыларың – Құранды үйреніп оны басқаларға үйреткендерің» деп келтіреді. Сондықтан Мұсылман адамының ең басты ұстанымы – Құран болуы керек. Оны тек жаттап қана қоймай, өмір бойы ұстанатын жолына айналдыруы керек. Өзбексан, Қырғызстанда қарилар өте көп кездеседі. Елімізде Шымкент жастары Құранды жаттауға көптеп келуде. Біздің өңірде де осы Құранды жаттайтын қарилар мен шәкірттерді оқытуымыз қажет. Басқа аудандарда да осындай жарыс өткізілсе дейміз, - деді Қанат Қабдіразақұлы.

 Жарысқа аудан, қала мешіттерінен 30-дан астам үміткер қатысты. Олардың арасында мешіт шәкірттері мен медресе түлектері, «Құран жаттау» орталығының шәкірттері болды. Барлығы жоғары дайындықпен келіп, қасиетті Құранның аяттарын шынайы ықыласпен оқыды.

Атап өтерлігі, жарыста бақ сынағандардың қатарында имандылыққа бет бұрған мектеп жасындағы шәкірттердің қатары да көп болды. Қазылар алқасы қатысушыларды тізім бойынша шақырып, берілген тапсырмадан бөлек, қосымша сұрақтарын қойып, үміткерлердің білімі мен білігін бағалады. 

Жүлдегерлерді филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ертай Жүсіпов марапаттады.

- Әлемдегі мұсылмандардың көпшілігі Аллаға мың шүкір етсе, біз қазақ одан екі есе көп шүкір айтуымыз керек. Өйткені Алла Тағала бізді қазақ қып жаратты. Көп ұлттарда мұндай әулие, билер жоқ. Қытай елінде мешіттер қиратылып жатқанда, мұсылман бауырларымыз түрмеде езгіде отырғанда, ашық аспан астында Құран оқудан жарыс өткізіп жатқанымызға шүкір етейік. Барлық ұйымдастырушыларға, қол ұшын созған азаматтарға Алла разы болсын, - деді ол.

Қазылар алқасының шешімімен құранды жатқа оқу секциясы бойынша 3 орынды Ақсу қаласынан келген Бауыржан Әлімбеков алды. Ал Ақтоғай ауданынының атынан бақ сынаған Ержан Амралинов жүлделі екінші орынға ие болды. Құранды нақышына келтіріп оқыған екібастұздық Райымбек Тілеубердинов жеңімпаз атанып, бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал Құранды мәнерлеп оқу секциясы бойынша 3 орынды Май ауданынан келген Жағыпар Ғабдылғазиз иеленсе, екінші орынды павлодарлық Олжас Сираж жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Екібастұз қалалық мешіті атынан сынға түскен Хайрол Нұрахмет еншіледі. Жүлдегерлердің барлығына ақшалай сыйлық табыс етілді. Өзге қатысушыларға Алғыс хат пен Шоң би Едігеұлының мерейтойына арнап шығарылған төсбелгі және Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық» атты кітабы сыйға тартылды.

- Құранды оқумен 1 жыл айналысып келемін, - дейді Құранды жатқа оқу секциясының жеңімпазы Райымбек тілеубердинов. - Жаз мезгілінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағашқа жолым түсіп, Құранды жаттап, ұстаздардың уағызын тыңдадым. Бұл жарысқа бір апта дайындалдым. Өзім Екібастұз қалалық мешітінің шәкіртімін. Құран жаттауды Алла Тағала нәсіп етті. Сол үшін көп шүкір етемін.

Айдана Қуанышева

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам