Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өрт туралы хабарлама 19 тамызда сағат 08:54-те жеткен. Екібастұздағы екі бөлмелі пәтердегі өрт салдарынан көрші орналасқан алты балкон жанып кетті. Өрттің жалпы аумағы 18 шаршы метрді құрады.

Жанып жатқан пәтерге кіру үшін құтқарушылар темір есікті бұзып ашуға мәжбүр болды.

- Өрттің алдын ала анықталған себебі – темекі шегу кезінде абай болмау, - деді ТЖД баспасөз қызметінде. – Өрт сөндіруші Жоламан Балғожинов газдан қорғау қызметімен бірге еденде жатқан пәтер иесін тапқан. Мас адам ес-түссіз жатқан.

1954 жылы туылған зардап шегушінің денесінің 36 пайызын бірінші және екінші дәрежелі күйік шалған. Пәтер иесі қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайын орташа деп бағалайды.

Өрт сөндірушілер өртті сағат 10:20-да сөндірді. Өртті сөндіруге барлығы 16 қызметкер жұмылдырылды.

Екібастұз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылды. Жақын арада олардың әрқайсысы 30 АЕК көлемінде өтемақы алады.

Дулат Райымбек
Фото @ekibastuz_live парақшасынан

pavlodarnews.kz

Тэги: Екібастұз, өрт, ТЖД