Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, 18 тамыз күні сағат 19:10-да Маралды көлінің маңында күзет агенттігінің қызметкерлері Маралды ауылының 32 жасар тұрғынын ұстаған. Оның мотоциклінен екі қап «артемий салина» қызылқұртын анықтады.

- Шамамен сағат 19:30-да Жылыбұлақ ауылының тұрғындары ұсталғанның шақыртуы бойынша Маралды көліне келген, артынан күзет агенттігі қызметкерлері мен келген тұрғындар арасында төбелеске ұласқан жанжал туындаған, - деді баспасөз қызметінде. – Сағат 21:05-те полицияға күзет агенттігі қызметкерлерінен «Маралды» көлінде жергілікті тұрғындар тобымен өзара төбелеске ұласқан оқиға туралы хабарлама түсті.

Сондай-ақ белгісіз жергілікті тұрғындар күзет агенттігіне тиесілі «ВАЗ-2121» қызметтік автомашинаны айдап әкеткен. Ол Маралды көлінен бір шақырым жерден табылды.

Ушыққан оқиға барысында күзет агенттігі қызметкерлері осы төбелеске қатысқандарға қатысты резеңке оқпен оқталған қызметтік травматикалық қару қолданған.

- Жанжалдасқан тараптар арасында заңсыз іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында оқиға орнына келген полиция департаменті ЖҚАЖ қызметкерлері заңсыз іс-әрекетті тоқтату туралы заңды талаптарға берілмеген агрессивті ауыл тұрғындарына қатысты травматикалық тапаншадан ауаға бірнеше рет оқ атқан, сосын барып оқиғаға қатысқан ауыл тұрғындары жанжал орнынан кеткен, - деді департаментте.

Түнде шамамен сағат 03:20-да Павлодар қаласы облыстық ауруханасына түрлі жарақаттармен Шарбақты ауданы Жылыбұлақ ауылының 5 тұрғыны жүгінген. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін босатылған.

Оқиға орнынан күзет агенттігі қызметкрелеріне тиесілі екі травматикалық қару және атылған оқ қалдықтары алынды.

Полиция қызметкерлері ҚР ҚК 389-бабы 3-бөлімі (заң тәртібін бұзу), ҚР ҚК 200-бабы 2-бөлімі (көлік құралын айдап әкету), ҚР ҚК 252-бабы 1-бөлімі бойынша (жеке күзет қызметтері қызметшілерінің өкілеттікті асыруы) көзделген қылмыс құрамы белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Тергеу барысында полицейлер болған оқиғаның барлық жағдайлары мен себептерін, сонымен қатар, екі тараптың кінәсінің дәрежесін анықтайтын болады.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Маралды, жанжал