Қаладағы және қалаға қарайтын ауылдардың мешіттері аз қамтылған отбасылардың балаларына оқу құралдары салынған сөмке сыйлады.

- Жергілікті мешіттер жыл сайын «Мектепке жол» акциясына ат салысып келеді, - деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысындағы өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы. – Бұл шараға мешіттер мен мешіт жамағаттары қолдау көрсетіп, 860 мың теңге қаржы жиналды. Жиналған қаржыға 220 сөмке сатып алып, ішіне дәптер, қарындаш сияқты оқуға керекті құралдар салынды. Ислам діні адамдарды жақсылыққа, бір-біріне көмек көрсетіп, қиыншылыққа тап болғандарды тасада қалдырмауға шақырады. Осы игі іске жұмыла кіріскен жандарға алғысымды білдіремін.

Акция аясында Павлодар ауданына қарасты Мичурино ауылының тұрғыны, 8 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Жұлдыз Мұхаметжанованың 5 баласы оқу құралдары бар сөмкеге ие болды.

- Көпбалалы отбасы болғандықтан, балаларды оқуға дайындайтын кезде шамалы қиналып қалатынымыз рас. Бір баламыз – студент, бесеуі – мектепте оқиды. Биыл бір қызым алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Мәшһүр Жүсіп мешітінің мұрындық болуымен өткізілген «Мектепке жол» акциясына қатысып, бес балама оқу құралдарын алдық. Дән ризамыз. Жалпы, мешіттер біз секілді көпбалалы отбасыларға тұрақты түрде көмектесіп тұрады. Осындай өте дұрыс бағытты ұстанып, жер-жердегі мешіттерді ұйыстырып отырған Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына да алғыс айтқым келеді, - деді Жұлдыз Мұхаметжанова.

Қалалық «Ақмешіт» мешітінің наиб имамы Ербол Бейсенбиннің айтуынша, мешіт жамағаттарына «Мектепке жол» акциясы аясында көмек көрсетілетіні жөнінде алдын ала хабарланған.

- Көмекке мұқтаж отбасылар мешіттерде өтініштерін қалдырды, - деді Ербол Бейсенбин. – Сондай-ақ білім бөлімінен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың тізімі алынды. Кейбір мектептерден де өтініштер түсті. Нәтижесінде жинақталған тізімнен көмек көрсетілетін балалар іріктеліп алынды.

Сонымен қатар, акцияға облыстағы өзге де мешіттер қатысуда. Оқу жылы басталғанға дейін аудандар мен ауылдардың мешіттері балалардың оқуға дайындалуына барынша қол ұшын созатын болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, мешіт, Мектепке жол, акция, қайырымдылық