Қазан ауылдық округіндегі Жұмыскер ауылының мектеп жанындағы «Гүлдер» шағын орталығына ойын алаңын «ЖармаҚұрылысГаз» ЖШС директоры Виктор Исабаев сыйға тартты. Бұған дейін аталған серіктестік ауылдың су құбырын жүргізген.

Ойын алаңына екі-екіден 2 түрлі әткеншек, балалар ойынына арналған 2 құмсалғыш пен орындықтар орнатылған.

- Ауылымызда су құбырын тартып болғаннан кейін ұйымның басшысы балаларға ерекше сый жасады, - деді шағын орталық қарайтын Қазан жалпы орта мектебінің директоры Гүлнәр Сәбирова. – Алаңның салтанатты ашылуына аудан әкімі Марат Ақтаев арнайы келіп, кәсіпкерге алғыс хатын табыстады.

Гүлнәр Сәбированың айтуынша, бұған дейін шағын орталықтың ойын алаңы бос тұрған.

- Бала саны 15-тен 32-ге дейін екі есе көбейгендіктен 2018 жылы шағын орталық жеке ғимаратқа көшті, - деді мектеп директоры. – Іші толық жабдықталған. Тек бос тұрған алаңда ойынға арналған құралдардың болуын ата-аналар да күтіп жүрген болатын. Қазір бәрі дән риза.

Айта кетейік, «Гүлдер» шағын орталығындағы 32 бала кіші және орта топта тәрбиеленеді. Орталықтағы 4 тәрбиешінің барлығы жоғары білімді.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Май, аудан, кәсіпкер, шағын орталық