«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметнше, жүргізуші құжатын алу үшін талап етілетін 083 үлгісіндегі медициналық анықтамаға өзгерістер енгізілді.

Бұдан былай жүргізуші куәлігін рәсімдеу кезінде медициналық комиссия құрамы 7 дәрігерден 4 маманға қысқарды. Яғни, адамдарға терапевт, окулист, оториноларинголог, психиатр-нарколог дәрігерлерінің тексерісінен өту жеткілікті. Сондай-ақ қан, флюрография, психоактивті заттарды қабылдау бойынша зертханалық анализдерді тапсыру қажет емес.

- Медициналық тексеріс барысында терапевт дәрігер қабылдауға келген адамның қандайда аурулардың бар/жоғын «Диспансерлі науқастардың электронды тізілімі» ақпараттық жүйесі арқылы анықтай алады. Ал психиатриялық немесе наркологиялық диспансерлердің есебінде тұруы не тұрмауы жөніндегі ақпаратты мәліметтер базасы арқылы тексеретін болады, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында.

Атап өтерлігі, қазіргі уақытта жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық анықтама үш жағдайда талап етіледі. Яғни, жүргізуші куәлігін бірінші рет рәсімдегенде, куәліктің мерзімі өткен болса, құжатты қайта рәсімдегендер тексерістен өтуге міндетті.

 Айдана Қуанышева

pavlodarnews.kz

Тэги: