Форумға қатысушы «Парус» демалыс аймағының директоры Қайрат Сұлтанов өз кәсібін қалай құрғанын айтып берді.

- Ақмола облысының Зеренді ауданында 20 жыл тұрып қалған пионерлік лагерьді сатып алдық, - деді Қайрат Сұлтанов. – Ғимараттары ескіргендіктен құлатуға тура келді. Жалпы аумағы 1250 шаршы метрді құрады. Демалыс орынымды құрып, жылыту үшін көмір жағып отырдым. Адамдар айналамыздағы аумаққа демалуға келеді. Айнала қап-қара болады. Әсіресе жел болса тіпті жаман. Сосын мен газ жағуды бастап, газ тарттым. Көмір жағатын көршілермен салыстыра бастадық. Көмір бұрынғыдан да қымбаттады. Жақсы көмірдің тоннасы 17-18 мың теңге болды. Газ тарттырып, екі қазандық орнаттық. Орнату кезінде заң бойынша қиындықтар туындады. Заң бойынша біздің аумақта газ тартуға, электр тартуға, құрылыс салуға тыйым салынады. Мен сосын жер астына қазандық салуға болмайтындықтан, үстіне мобильді қазандық салдым.

Кәсіпкер жылы су мен жарықтандыруға кететін шығынын да қысқартқан. Ол үшін күн панельдерін орнатқан.

- Біз солтүстікте орналасқандықтан жарты жыл қыс болады, - деді кәсіпкер. – Тәуліктің көп бөлігі қараңғы болады. Жарық көп жағылады. Сондай-ақ суды жылыту үшін де энергия қолданамын. Оған да шығын көп кетеді. Сондықтан демалыс аймағын энергиямен қамтамасыз ететін күн панельдерін қоюды жөн санадым. Бұрын менің бұл бағыттағы шығыным қыс кезінде айына 120 мың теңге болатын. Жазда 91 мың теңгені құрайтын. Қазір айына 35 мың теңге ғана төлеймін.

Қайрат Сұлтанов газ тарту, жылы су, энергия бойынша жобаларды жүзеге асыру үшін өз ұсынысын білдірді. Ол аталған жобаларды іске асыру үшін несие алған. Екінші деңгейлі банк 14 пайызбен несие беріп, өзге компаниялар субсидия бөліп, кепіл болып берген.

- Қазіргі кезде елімізде инвест субсидия деген бар, - деді кәсіпкер. – Ауыл шаруашылығында зауыттан бір трактор алса, мемлекет оның құнының 25 пайызын субсидия ретінде қайтарып береді. Сол секілді субсидия бөлінетін тауарлар толып жатыр. Дәл солай жасыл энергияға да субсидия бөлсе, елімізде жасыл энергияға көшу жылдамдайтын еді. Бұл кәсіпкерлерге де қызықты, елдің дамуына да септігін тигізеді.

Айта кетейік, «Парус» демалыс аймағында жылына орта есеппен 10 мың адам демалады. Қайрат Сұлтанов отбасындағы 12 адаммен 4 жылдан бері жұмыс жасап келеді.

Оразбек Саяхат
Фото: Индира Лятина

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, форум