- Бүгінгі шарада «Ғибадат» және «Бәйтерек» бірлестіктерін таныстырамын, - дейді Гүлмира Батпақұлова. - Диалог алаңдары жобаларымызды жүзеге асыру үшін инвесторларды табуға және өз мәселелерімізді шешу үшін бизнес құрылымдарымен, министрлікпен тікелей сөйлесуге көмектеседі. Мұндай шаралар тәжірибе жинау үшін үлкен мүмкіндік береді. Бұған қоса, павлодарлық әріптестеріміз халықаралық тәжірибені меңгеруде.

«Арба» ҚБ мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаларды жөндеу шеберханасы мен 18 жастан кейін тәуелсіз өмір сүру орталығы бойынша екі жобаны ұсынған. Сондай-ақ, бірлестіктер жарымжан балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған курстар ұйымдастырады, қимыл-қозғалысы аз балалардың артық салмақ қосып алмауы үшін дұрыс тамақтану мақсатында ас мәзірін құрастыруға көмек көрсетеді.

- 18 жастан кейін жарымжан жандар өзімен-өзі қалып қояды, - дейді Гүлмира Батпақұлова. - Еңбекпен қамту, бос уақытты тиімді ұйымдастыру, қаржылық және ІТ сауаттылық мәселелері туындайды. Технологиялар бір орында тұрмайды. Сал ауруының ауыр формасы мен түйілу, шайнау және жұту рефлексі жоқ болады. Мұндай балалардың жанындағы адамдарға біраз салмақ түсетіні жасырын емес. Көптеген аналар тәжірибенің жоқтығы мен білімнің жеткіліксіздігі сияқты мәселелерге тап болып жатады. Сондықтан балалардың жанындағы адамдарға ақпараттық, психологиялық қолдау көрсетіледі. Осындай форумдар екі жобаны жүзеге асыруға көптеген септігін тигізді.

- Мемлекет басшысы отбасының әлеуметтік картасын белсенді жүзеге асыруды тапсырды, - дейді  Ләззат Нұрқатова. - Көктемде Елбасы партиялық форумда  әр отбасыға дейін жету туралы айтқан болатын. Елордада бір отбасынан бес қыздың өмірін үзіп кеткен оқиға әлеуметтік қолдауды түбегейлі өзгертіп, қайта қарастыруға әкелді. Бүгінгі таңда отбасының әлеуметтік картасы әзірленді және 1 қыркүйекте іске қосылады. Біздің қауымдастықтың сарапшылары осы картаның индикаторларын әзірлеп, әрбір отбасы үшін  шұғыл, қанағаттанарлық, кризистік, орташа және  жақсы деген анықтамалар берілді.  

Сарапшының сөзіне сүйенсек, жуырда Е-халық интеграцияланған жүйесі арқылы автоматты режимде шұғыл типті отбасыларының санын азайту  бағытындағы атқарылған жұмыстың нәтижесімен  облыстардың рейтингі  жарияланады.

- Бір реттік қайырымдылық шара отбасын қиын жағдайдан шығармайды, - дейді Ләззат Нұрқатова. – Ол үшін мемлекет, ҮЕҰ, бизнес қауымдастығы қатысу керек. ҮЕҰ барлығы өмірде қиын жағдайға тап болған адамдарға әлеуметтік қызмет көрсетуге дайын емес. Бұл егде жастағы және төсек тартып жатқан, менталды бұзылыстары бар адамдар.  Тіпті, отбасы мен туған-туыстары теріс айналады. Жуырда С. Торайғыров атындағы ПМУ-да кәсіби әлеуметтік мамандардың филиалы ашылды. Ол жердегі жастардың көзі жанып тұр.   Дайындықтары жақсы және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға дайын.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев, Роза Мұстафина

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам