Бұл туралы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшанов «Zhilstroy River Party» туры кезінде мәлім етті.

- Елбасының бастамасымен биыл аз қамтылған отбасыларға баспана ұсыну үшін «Бақытты отбасы» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі, - деді Нұрлан Ақшанов. – Оған 4-тен көп баласы бар, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады. Шарт бойынша отбасының әр мүшесіне шаққандағы табысы 40 мың 500 теңгеден аспауы тиіс. Бағдарлама іске қосылғанына 1 ай болды.

Спикер еліміз бойынша 1100-ден астам отбасына 12 миллиард теңгелік несие мақұлданғанын және олар қазір пәтерлерін іздеуге кіріскенін айтады.

- Биылғы лимит 50 миллиард теңгені құрайды, - дейді Нұрлан Ақшанов. – Бағдарламада 2 пайыздық несие беріледі. Оны 25 жылға дейін алуға болады. Алғашқы жарна – 10 пайызды құрайды. Ешқандай комиссия төленбейді. Сондықтан бұл талапқа сай отбасыларды әкімдіктен барып, жолдама алуға шақырамыз. Біз тек жолдамамен жұмыс жасаймыз. Бағдарлама 3 жылға арналған. Сондықтан қазір бізге келіп ақша жинап, кейін несие алуына болады.

Бұдан бөлек, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыс әкімдігінің ұсынысымен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Павлодар қаласында 5 үй салуды жоспарлауда.

Оразбек Саяхат
Фото: Индира Лятина және osken-onir.kz

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, ТҮҚЖБ, депозит, баспана