«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының мәліметінше, елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілуіне байланысты облыстардың дайындығы пысықталып жатыр. 

- Денсаулық сақтау реформасын жүзеге асыру жұмыстары аяқталып келеді, - дейді Павлодар облысы бойынша қор филиалының директоры Айдар Ситказинов. - Қазіргі таңда Павлодар облысы азаматтарын ақпараттандыру жұмыстары қолға алынуда, оның ішінде заңсыз жұмыспен қамтылған азаматтарды рәсімдеу маңызды. Сақтандыру медицинасын тиімді енгізу үшін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері біріктірілуде, медициналық ақпараттық жүйелер енгізілуде, дәрігерлер компьютер техникасымен, ғаламтормен қамтылуда.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қазақстандық жүйесінің функционалдылығы үздік әлемдік үлгілер бойынша дамиды. Өзгерісті енгізудегі басты мақсат – халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. Сол себепті ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарына көп көңіл бөлінуде. Осыған байланысты Павлодар қаласының әкімдігімен қосымша шараларды қолға алуға бірқатар тапсырмалар берілді. Қала тұрғындары ақпаратты көше билбордтары мен LED-экрандарда, сондай-ақ, қаладағы автобустарда, радио мен телеарналарда көре алады.

Өңірде 92 әлеуетті қызмет көрсетушінің 55 ұйымы немесе 60%-ы жеке меншік. Бұл республика бойынша жоғары көрсеткіш. Әлеуетті медициналық қызмет берушілердің базасы 2017 жылдан бері жұмыс істейді және тұрақты түрде жаңартылып отырады. Халыққа тегін медициналық көмек көрсететін ұйымдардың тізімі қордың fms.kz ресми сайтында жарияланған.

Айта кетерлігі, облыста жеке медициналық қызмет көрсетушілерінің 71%-ы ақпараттық жүйемен қамтылған.

 

 

Томирис Бекжан

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам