Пленарлық мәжілісте облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы «Павлодар облысы білім беру жүйесіндегі мемлекеттік саясатты іске асыру: жұмыс қорытындысы және стратегиялық бағыттары» тақырыбында баяндама оқыды.

Бұдан кейін облыс әкімі Болат Бақауов көп жылдар ішінде зор жетістікке жеткен төрт білім беру мекемесіне – Ақсу қаласының №7 ЖОБМ, Екібастұз қаласының №26 ЖОБМ, Павлодар қаласының №6 сәбилер бақшасы және Ы. Алтынсарин атындағы облыстық дарынды балаларға арналған гимназияға 50 млн теңгеден гранттар табыс етті.

- Үшінші жыл қатарынан көптеген жылдар бойы тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келе жатқан білім беру ұйымдарына 50 млн теңге көлемінде әкімнің арнайы гранты бөлініп келеді, - деді Болат Бақауов. - Бұл бастама білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық жағдайын заманауи үрдістер мен сұраныстарға сәйкес жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл әрбір педагогикалық ұжымға белгіленген міндеттерді шешуге ынта мен талпыныс береді деп сенемін.

Сондай-ақ,  ұлттық тестілеу ОЖСБ-да жоғары нәтиже көрсеткені және «Ең үздік орта білім беру мекемесі» байқауында жеңімпаз атанған Павлодар қаласының №16 ЖОБМ 34 млн теңге ұсынылды.

 - Біздің мектептің үздік атанғаны үшін қатты қуанып тұрмыз, - дейді № 16 лицейдің директоры Татьяна Мигунова. - Бұл мәртебені сақтап қалу үшін жауапкершілік арта түседі. Биылғы жыл біз үшін табысты болды. Ұстазымыз «Қазақстанның үздік ұстазы» республикалық байқауында жеңімпаз атанды. 10 сынып оқушысы еліміз бойынша орыс тілі және әдебиетінен абсолюттік жеңімпаз деп танылды. Педагогтарымыз мектептерге ұсынылатын авторлық бағдарламаларын республикалық байқауларда таныстырды. Мұның барлығы ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі. Әр ұстаз бен оқушының қосқан үлесі. Мектебімізде барлығы 1500 бала білім алады. Бұл грант мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады.

Жалпы, тамыз кеңесі барысында 30-дан астам білім беру саласының қызметкері әртүрлі деңгейдегі наградалармен аталып өтті. Оның ішінде Павлодар қаласының психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациясының басшысы Сұлушаш Айтбаева, № 6 сәбилер бақшасының басшысы Ләззәт Қожабекова, Ақтоғай ауданы Нығманов атындағы ЖББМ химия және ағылшын тілі пәні мұғалімі Алма Қуатова «ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» төсбелгісімен, Павлодар техникалық колледжінің басшысы Әнуарбек Ахметшаихов, дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің басшысы Гаухар Бабыкова Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен және тағы басқалары облыс әкімінің құрмет грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды.

Конференцияға қатысушыларға білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы жобалар, 2018 жылы облыс әкімінің гранттарын алған білім беру ұйымдарының жұмыстары таныстырылды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім