- Биылғы жылы халықтың әл-ауқатын арттыру және тұрғындардың аз қамтылған топтарын қолдау мәселелеріне көп көңіл бөлінуде, - деді тамыз конференциясында облыс әкімі Болат Бақауов. - Облыс қалаларында 7-18 жас аралығындағы көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларының балалары қоғамдық көлікте тегін жол жүре алады. Бұл мақсатқа 54 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Павлодар қаласында колледждердің 1-4 курс студенттеріне ай сайын жеңілдікпен жол жүру мүмкіндігі ұсынылады.

Аймақ басшысы білім беру басқармасына, қалалар мен аудандардың әкімдеріне жергілікті жерлерде әділ әлеуметтік саясатты белсенді жүргізуді тапсырды.

- Барлық бөлінген мақсатты қаражат осы көмекті шынымен қажет ететін отбасына жетуі тиіс, - деді облыс әкімі. - Арыстағы қайғылы оқиғалар бүкіл елді біріктірді. Павлодар облысы да алғашқылардың бірі болып «Арыс, біз біргеміз» акциясына қолдау көрсетті. Облыс педагогтерінен зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде 26 млн теңге жіберілді. Арыс қаласынан 300 бала біздің сауықтыру лагерьлерде демалуға мүмкіндік алды және бұл олардың психологиялық жағдайына оң әсер етуге мүмкіндік берді. Бұл трагедия бүкіл елді біріктіріп, біздің халқымыз бір-бірін қиын уақытта қолдауға дайын екенін көрсетті.

Сондай-ақ, ол Павлодар облысы елімізде болып жатқан проблемалар мен қиындықтарды шешуде ешқашан тыс қалмайтынын атап өтті.

- Біздің  аймақта іске қосылған «Nurly Ertis» бағдарламасы аясында 130-дан астам көп балалы отбасы Ертіс өңіріне көшіп келді, - деді Болат Бақауов. - Оларға қажетті көмек көрсетілді. Барлығы тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз етілді, балалар балабақшалар мен мектептерге орналастырылды. Бұл шаралар біздің азаматтарымызға қолдау көрсетіп қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін де жақсартады.


Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім