- Оқу жылының соңында 362 жалпы білім беретін мектептің 225-і (62%) шағын кешенді болып есепке алынды, - деді тамыз конференциясында облыс әкімі Болат Бақауов. - Жалпы, 3 жыл ішінде оқушылар саны 4-тен 16-ға дейін жететін 46 мектеп жабылды және 26-сы қайта құрылды. Шағын кешенді мектепте бір оқушыны оқыту үшін жылына мемлекет тарапынан 3,8 млн теңгеге дейін бөлінеді. Бұл Железин ауданының Жаңабет, Жаңабірлік, Славян, Жолтаптық, Абай және Тереңкөл ауданының Благовещенка, Жаңақұрылыс, Май ауданының Абай және тағы басқа мектептер.

Өңір басшысы салыстырмалы түрде алғанда Павлодар қаласындағы ең беделді Назарбаев Зияткерлік мектебінде жылына 1 баланың тұруына және оқуына 1,8 млн теңге жұмсалатынын атап өтті. Яғни, бұл сома 3 есеге аз.

- Жергілікті жерлерде оқушылар саны аз негізгі және орта мектептер желісін оңтайландыру бойынша шаралар қабылдануда және бұл жұмысты әрі қарай жалғастыру қажет, - деді Болат Бақауов. - Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануды жою, мектеп теңсіздігін қысқарту мақсатында тірек мектептерін ірілендіру және дамыту, мектеп жанында жаңа интернаттар ашу және жұмыс істеп тұрғандарын жақсарту жөнінде шаралар қабылдаған дұрыс. Біздің балалар тұратын жеріне қарамастан заманға сай сапалы білім алуы тиіс.

Ақбота Сейсенбаева


Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім