Отырысқа Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының атқарушы директоры Нұрлан Қасымов қатысты.

- Павлодар облысы медициналық сақтандыруды енгізуге жеткілікті дайындалған, - деді Нұрлан Қасымов өз баяндамасында. – Медициналық ұйымдарда ақпараттандыру құралдары 100 пайыз бар, интернет 96,3 пайыз қолжетімді, жаңа жүйеге қосылуға дайын. Сақтандыру жайлы халыққа жеткізу бойынша сұрақтар бар. Облыс халқының 3 пайызы әлеуметтік мәртебесін өзекті етпеген. Жыл соңына дейін бұл жұмыс орындалады деп ойлаймын.

Қордың атқарушы директоры МӘМС енгізілген уақытта тұрғындар негізінен бұрынғыдай медициналық қөмек алатынын атап өтті.

- Ауылдар қажетті жағдайда толық көмек алады, - деді Нұрлан Қасымов. – Сақтандырылмаған адамдар үшін жоспарлы медициналық көмек ақылы болмақ. Мысалы, сақтандыруы жоқ адамға МРТ, УДЗ, салалық дәрігерлік кеңес сияқты шараларға ақы алынады. Ал, сақтандырылған адам медициналық көмекті қажетті мөлшерде ала береді. Оларға ешқандай лимит қойылмайды. 1 АЕК көлемінде сақтандыру жасап, 1,5 миллион теңгенің отасын жасатуына да болады. Ал, ұйымдарға келгенде ешқандай қиындық туындамайды. Ұйымдар ЖСН арқылы сақтандыру ақпаратын тексереді де, көмекке жібереді.

Сонымен қатар, Нұрлан Қасымов келер жылы медициналық көмекті қаржыландыру артатынын айтты. Павлодар облысында 2019 жылы бұл бағытта 41,6 млрд теңге бөлінсе, 2020 жылы 56,9 млрд теңге бөлінбек. Оның 39,8 млрд теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, 17,2 млрд теңгесі МӘМС-ке бөлінетін болады.

- Бөлінген қаржы аясында науқастардың қайтадан қалыпқа келуі негізге алынады, - деді Нұрлан Қасымов. – Қазіргі кезде ота жасатқан, ем қабылдаған адамның қайтадан қалыпқа келу үрдісіне көп көңіл бөлінбейді. Сондықтан бұл жұмыстың қаржысы 13 есеге көбейеді. Сондай-ақ кеңестік-диагностикалық көмекке 5,3 есе, стационарлық көмекке 2,3 есе, алғашқы стационарлық көмекке 1,3 есе көп қаржы қарастырылған.

Оған қоса, келер жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балаларға амбулаториялық деңгейде созылмалы аурулардың асқынған жағдайында тегін дәрі беріле бастайды.

Отырыс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов жергілікті жауапты органдарға МӘМС-ті енгізуге дайындықты пысықтауды тапсырды.

- Жауапты органдар азаматтардың әлеуметтік мәртебесін өзектендіру және халық арасында медициналық сақтандыруды түсіндіру бойынша жұмысқа күш салып, қыркүйекте қорытынды жасауды тапсырамын, - деді Асхат Оралов. – Қыркүйек айында Қарағанды облысында медициналық сақтандыру бойынша пилоттық жоба басталады. Көрші өңірдегі жұмысты бақылауда ұстап, шыққан ақаулардың бізде қайталанбауын назарға алу қажет.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, МӘМС, медициналық сақтандыру, қор