Тамыз кеңесіне 800-ге жуық мектептердің, мектептке дейінгі және мектептен тыс ұйымдардың қызметкерлері, педагогика саласының ардагерлері қатысуда.

Баяндама жасаған қалалық білім беру бөлімінің басшысы Самал Айтқазина оқыту мен тәрбие беруге жасалған жағдай белгілі бір деңгейде қаржылық ресурспен анықталатынын айтты.

-    2019 жылы қалалық білім беру жүйесінің қаржыландырылуы  18 миллиард теңгеден асты, - деді Самал Айтқазина. – Соңғы 5 жылда қаржыландыру 43 пайызға артты. Қаламыздағы бюджеттің 23 пайызы білім саласына жұмсалады. Бұл білім саласының қала үшін маңызды екенін айқындайды. Жаңа оқу жылына дейін 14 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Оған 283 миллион теңге жұмсалды. Барлық білім алушылар қажетті кітаппен қамтамасыз етілуі үшін жаңа оқу жылында жұмсалған шығын 508,6 миллион теңгені құрады.

Бөлім басшысының айтуынша, білім алушылар мен тәрбиеленушілердің қауіпсіздігі үшін 110 ұйымға қосымша 1650 бейнебақылау алынған.



-    Соңғы 3 жылда қалалық білім беру ұйымдарына 417 жас маман тартылды, - деді Самал Айтқазина. – 3 жылда жас мамандардың үлесі 14,5 пайызға жетті. Сондай-ақ әр екінші педагог ұлттық біліктілік тестілеуінен өтіп, шеберлік санатын алды. Қалада жалпы орта білім беретін 42 мектеп бар. Онда 41 мыңнан астам оқушы білім алады. Жыл сайын оқушылар саны 2 мыңға артып келеді.

Сонымен қатар, бөлім басшысы мемлекеттік тілдегі ұйымдар үлесіне де тоқталып өтті.

-    Мемлекеттік тілде тәрбие беретін мектепке дейінгі ұйымдар саны артуда. Орыс тіліндегі 6 балабақша мен 1 шағын орталықты аралас қылдыру және №1 мектепке дейінгі ұйымды қазақ тілді қылу арқылы қаламыздағы мемлекеттік тілде тәрбие беретін мектепке дейінгі ұйымдар 80 пайызға жетеді. Ал, мектептердің 93 пайызында қазақ тілінде білім алуға болады, - деді Самал Айтқазина.

Айта кетейік, Павлодар қаласындағы білім беру саласында жұмыс жасайтын 133 мекеме, 61 мыңнан астам білім алушы мен тәрбиеленуші бар.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қала, тамыз кеңесі, білім