Ақтөбеде өткен ойында павлодарлықтар жеңіске үмітті еді. Сол бағытта ойын өрбітіп, алаң иелерінен көрі шабуылды жиі ұйымдастырды. Ertis ойыншылары бірінші таймда айып алаңының сыртынан соққы бағыттаумен болды. Алайда, қарсыластар қақпасынан саңылау табылмады.

Ойынның 62-минутында айып добын орындаған Марко Станоевичтің соққысына ешкім тосқауыл бола алмады. Ertis ойыншысының голы 24-турдағы үздік голдардың бірі болды.

Гол жібергеннен кейін алаң иелері айбатын көрсете бастады. Жүйелі шабуылдарын көрсетіп, соққылар жасауға көшті. 84-минутта бұрыштамадан асырылған допты Абат Айымбетов голға айналдырды.

«Ertis» ФК бас бапкері Милан Миланович 1 ұпайдың өзі олжа екенін айтты.

- Бұл ойын «Ақтөбемен» алдында өткен ойынға ұқсас өрбіді, - деді Милан Миланович. – Біз екі матчта да 1:0 есебімен жеңіп жатқанбыз. Алдыңғы ойында 1:2 есебімен жеңілсек, бүгін тең түстік - 1:1. Тең түскенімізге әрине өкінеміз. Біз бүгін 100 пайыз жеңуіміз керек еді. Алайда, соңғы 10 минутта біз допты жөнді ұстай алмадық. 1:0 есебімен ұтып жатқанда гол соқпасаң жеңіліп қалуың мүмкін. Футболда ондай жағдайлар жиі болып тұрады. Ойын соңында гол жіберіп алмағанымызға қуануымыз керек. Ойынымыз жақсарып келеді деп есептеймін. Бір ұпай болса да олжа. Соңғы орындардан шығу үшін еңбектене бермекпіз.

Айта кетейік, павлодарлық команда 24 ойында 4-ші рет тең түсті. Бар жоғы 5 ойында жеңіске жетсе, 15 ойында жеңіліс тапқан. 12 гол соғып, 37 гол жіберді. Кезекті 1 ұпайдан кейін жинаған 19 ұпайымен турнир кестесінің 10-орынына көтерілді.

Оразбек Саяхат
Фото: «Ақтөбе» ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ertis", ФК, футбол, спорт