Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының туризмді және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті.

- Облысымызда жыл сайын спорт нысандарын салу жұмысы қарқын алуда, - деді Нұрлан Есембаев. – Өткен жылы 50-ден астам спорттық нысан пайдалануға берілсе, биыл бұл көрсеткіш 60-тан асады деп жоспарлануда. Осы жылдың маусым айында Павлодар облыстық полиция департаментінің жүзу бассейні ашылды. Оған қоса, Павлодар ауданының Новочерноярка ауылында хоккей корты мен жасанды жабындысы бар шағын футбол алаңы іске қосылды. Павлодар ауданы Красноармейка мектебінің шағын футбол алаңы қайта жөнделді.

Спикердің айтуынша, маусым айында Май ауданының Кеңтүбек ауылында көпфункционалды алаң іске қосылды. Осы тектес жұмыс Баянауыл ауданының Баянауыл колледжіндегі алаңда басталды. Бұл нысандар «Самұрық-Қазына» АҚ-ның демеушілік көмегімен іске қосылуда.

Сондай-ақ BI Group компаниясының демеушілігімен Баянауыл №2 мектебінде хоккей кортымен бірге футбол алаңы орнатылуда. Биыл демеушілік көмектің қолдауымен Павлодар қаласындағы жабық футбол манежі мен мұзда сырғанау аренасының құрылысы аяқталады.


- Облыста жергілікті бюджет есебінен Павлодар қаласының Павлодар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Железин ауданының орталығында спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Құрылыс жұмыстары осы жылы аяқталады. Ал, Ленин ауылындағы нысан құрылысы 2020 жылы аяқталмақ.

Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс спортшыларының пайдалануында 3518 спорт нысаны бар. Оның 1961-і ауылдық жерлерде.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, спорт нысандары, спорт