Шыны өнімдерін шығаратын кәсіпорынға Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов барды.

 Бүгінгі таңда компания өндірісті кеңейтіп, ең озық жабдықтарды сатып алған. Осының арқасында кәсіпорынның қуаттылығы тәулігіне 3,5 мыңнан 4,5 мыңға дейін шыны өнімін шығаруға жетеді. Алайда, бірнеше айдан бері компания жаңа өндіріс алаңына жұмысшылар таба алмауда.

- Біз бұл мәселемен сәуір айынан бері айналысып келеміз және әлі де 20 қызметкер керек, - деді «Стекломир» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Глеб Кущенко. – Бізде жүк тасушылар айына шамамен 150 мың теңге, жоғары білікті жұмысшылар 290-300 мың теңге алады. Өкінішке орай, жұмыс істегісі келетіндер көп емес.

Сонымен қатар, аймақ басшысы металл жиһаздарын, зертханалық жиһаздарды, оған қоса, жеңіл металл конструкцияларын шығаратын кәсіпорын «Троя» ЖШС өндірістік цехтарында болды.

- Біздің компанияның өндірістік қуаттылығы жылына 80 мың дана өнімді құрайды, - деді «Троя» ЖШС коммерциялық директоры Серік Әбдірахманов. – Біз бүкіл Қазақстан бойынша: мемлекеттік кәсіпорындарды, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, банк секторын өнімімізбен қамтамасыз етеміз. Біз тек Қазақстан аумағында жұмыс жасаймыз. Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейге экспорттау жоспарда бар. 

Облыс әкімі жергілікті өндірушілерге барынша қолдау көрсетілетіндігін атап өтті. Бұл әр түрлі мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиелендіруге, сондай-ақ өнімдерді сату мәселелеріне де қатысты.

Дулат Райымбек
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, өндіріс, экономика