Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының туризмді және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті.

- Өңірімізде көру, есту, қимыл-тірек мүшелері бойынша мүмкіндігі шектеулі 1395 тұрғын спорттың 17 түрімен айналысады, - деді Нұрлан Есембаев. – Жыл басынан бері бұл санаттағы 1000-нан астам адамды қамтыған 15 облыстық жарыс өткізілді. Сондай-ақ паралимпиадашылар 5 халықаралық, 12 республикалық бәсекелерде бақ сынап, 18 алтын, 12 күміс, 11 қола медаль олжалады.

Спикердің айтуынша, 2019 жылдың 4-6 ақпан аралығында Түркияның Анталия қаласында таэквондодан әлем чемпионаты өткен. Бұл сайыста Павлодар қаласының БЖСМ тәрбиеленушісі Карен Овпесян қола медальге қол жеткізді.

Облысымыздың 60 мүмкіндігі шектеулі спортшысы жазғы және қысқы спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасына кіреді.

Айта кетейік, аталған спортшылардан осы уақытқа дейін халықаралық дәрежедегі 5 спорт шебері, 2 ҚР спорт шебері дайындалған.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, паралимпиадашылар, спорт