Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облысының туризмді және спортты дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев мәлім етті.

- Жоғары жетістікке жеткізетін спорт түрлері бойынша 515 спортшымыз еліміздің басты құрамаларына енеді, - деді Нұрлан Есембаев. – 335 спортшымыз олимпиадалық спорт түрлері бойынша ел намысын қорғайды. Осы уақытқа дейін өңірімізде халықаралық дәрежедегі 8 спорт шебері, 42 Қазақстан Республикасының спорт шебері дайындалған. 3 қызметкерге еліміздің «Еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді. Жекелей сын бойынша жеңіл атлетика мен күреске көп қаржы бөлінеді.

Сонымен қатар, қаржылай жігерлендіру ретінде Павлодар облысында 91 спортшы ай сайын ақшалай көмек алады.

Айта кетейік, қаңтар айынан бастап облыс құрамасы ҚР 5-ші жазғы Спартакиадасына қатысып, 26 спорт түрі бойынша сынға түсті. Спортшыларымыз 23 алтын, 29 күміс, 34 қола медаль еншіледі.

Еске салайық, өңірімізде спортты дамыту бойынша 2019 жылдың 7 айының қорытындысында облыс көлеміндегі 846 спорттық шара өтіп, 125 890 адам қамтылған. Оның ішінде 540 шара ауылдық жерлерде өткізіліп, 52 996 адам қамтылды.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, спорт