Бұл туралы ҚазАқпарат Kyodo агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жапония Метеорология агенттігі өлкеде бұрын-соңды мұндай нөсер жауған емес деп мәлімдеді.

Топан су кем дегенде бір адамның өмірін қиды. Кюсю аралының теріскейіне орын тепкен Такео қаласында шағын көлікті су ағызып кетіп, ішіндегі ер адам жазым болған. Такеоға көршілес отырған Сага қаласында да бір әйел мінген көлікті су ағызып кетті деген хабарлар тарап жатыр.

Бұдан бөлек, полиция Фукуока префектурасының Яме қаласында да бір адам құрбан болуы мүмкін деп отыр.

Фукуока, Сага және Нагасаки префектуралары 669 000 мың адамды эвакуациялауға шешім қабылдады. Аталған префектуралардың көп бөлігінде жолдар жабылып, пойыз қатынасы тоқтаған.

Бүгін таңертең Сага қаласында 110 мм жаңбыр жауған.

Синоптиктер алдағы күндері Кюсю аралындағы жауын-шашын мөлшері 200 мм-ге дейін, ал Токио және Сидзуока префектураларында 180 мм-ге жететінін айтып, дабыл қағуда.

pavlodarnews.kz

Тэги: