25-тур чемпионаттағы қонақта ойнаған командаларға қуаныш сыйлады. Павлодарлық команда турнир кестесіндегі көршісімен кездесті. Ertis-тен кейін тұрған атыраулық команда да соңғы кезде павлодарлықтардың күйін кешіп жүрген.

Кезекті ойынға Ertis негізгі ойыншыларын шығарды. Ойынның бас кезінде-ақ павлодарлықтар басымдылыққа ие болды. 4-минутта Марко Станоевичтің айып алаңының сыртынан, бірнеше ойыншының үстінен асыра тепкен добы қарсылас қақпасынан табылды.

Еске салайық, Марко Станоевич өткен турда да айып алаңының сыртынан әдемі гол соққан болатын.

Матчтың 18-минутында «Атырау» ойыншысы Виталий Устинов павлодарлық футболшы Карлос Фонсекаға қарсы ойын ережесін бұзып, қызыл қағаз алды.

Ertis командасы жүйелі ойын көрсетіп, матч бойы бірнеше гол соғатын мүмкіндікке ие болды. Дегенмен, соққы қақпаға дәл бағытталмады.

Төреші қосқан қосымша уақытты павлодарлықтар сәтті пайдаланды. 92-минутта Жереми Манзорро гол салса, 95-минутта Патрик Хиди айып алаңының сыртынан дәл соққы бағыттады. Атап өтер болсақ, екі ойыншы да Ertis сапындағы алғашқы голдарын салды.

«Ertis» ФК бас бапкері Милан Миланович команданың Премьер-Лигада қалу үшін күресті жалғастырып жатқанын айтты.

- Бүгін гол салатын мүмкіндіктеріміз көп болды, - деді Милан Миланович. – Өзге ойындарда да жақсы өнер көрсеткенбіз. Бүгінгі матчта бәрі қолдан келді. Премьер-Лигада қалу үшін күресті жалғастырамыз. Осы қарқынмен ойнасақ, жақсы нәтиже болады.

Айта кетейік, «Ertis» ФК маусымдағы 25 ойында 6-шы жеңісіне қол жеткізді. 4 ойында тең түсіп, 15 ойында жеңіліс тапты. Жинаған 22 ұпайымен турнир кестесінің 9-орынына көтеріліп, қауіпті аймақтан шықты.

Оразбек Саяхат
Фото: «Ertis» ФК және «Атырау» ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, "Ertis", ФК, футбол, спорт